Менің өмірбаяным
Мен – үйдің ортаншы баласымын, 1956 жылы 10 наурызда дүниеге келіппін. Үлкен ағам Құлан мен апам Марал марқұм болған, қазір апам Манар мен сіңлім Таскира, інілерім Ақан мен Жұмақан бар. Әкем Әбілқасым Әлпейісов мал дәрігері болған. 1964 жылдың күзінде Арқалық қаласына қоныс аударғанға дейін ұзақ жылдар Амангелді ауданында қызмет етті. Қойшылармен бірге көшіп-қонып, қыс қыстауда, жаз жайлауда өстік. Туған жерімізді еске алғанда анам Балажанның «Рахмет» («Родник»), «Алабидайық», «Сарыторғай», «Итақ», «Қараторғай», «Жыланшық», «Үрпек»,... деген атауларды сағына айтып отыратыны есімде.
Атымды әкем қойған. Ол анам маған жүкті кезінде білімін жетілдіру курсына Мәскеуге жіберіліпті. Сол уақытта Мәскеуге Египет араб республикасының президенті Гамаль Абдель Насер сапарлап келіп, Орта Азия мен Қазақстаннан келгендерді кездесуге апарады. Әкем ескіше өте сауатты кісі еді, арабша жазылған кітаптарды көп оқитын. Ауыл молдалары ығып тұратыны есімде. Сол жиыннан қатты әсерленіп шыққан әкем іштей «әйелім ұл туса атын «Кәмәл» деп қоям» деп жүреді екен. Анамның айтуынша, мен туғанда біраз ойланады, бірақ шешімін өзгертпейді. Маған неге ер адамның атын қойғанын сұрағанымда оның «Кәмәл» – мағынасы жақсы сөз» дегені есімде қалыпты.
Балалық қой – атым өзіме ұнамайтын. Әсіресе, бойжеткен кезде атымды айтуға ұялатынмын. Ойымды университетте этимология пәнінен беретін ұстазым өзгертті. Ол маған: «Араб-парсының Камаль деген сөзі - орысша «совершенство», «полнота» деген мағынаны береді. Яғни, осындай ат қойылса, ол қолына алған істі еш мінсіз, ең биік дәрежеде орындайтын кемел адам болады деген ұғымды білдіреді. Әкең – қандай ақылды, перзентіне деген тілегі телегей жан. Атыңды жақсы көр – сонда әкеңнің бар арманы орындалады» деген еді.
Мектепті Арқалық қаласында бітірдім. Мен мектепке барған жылы ағам Құлан (1948 жылғы), апам Манар (1954 жылғы) үшеуміз бір туысымыздың үйінде жатып оқып, көп қиындық көрдік. Жазда үйімізге азып-тозып жеттік. Түрімізді көріп, әжемнің ағыл-тегіл жылағаны есімде.
Нағашы әжеміз Үкіжай Әбілқызы бізбен бірге тұрды. Күйеуі Жұмасай Кәрібаев соғыста қаза тауып, 2 інісі Мұқаш және Келдіғұл Әбіловтер хабарсыз кеткен. Күйеуінен «қара қағаз» келгенде, қолындағы ұлы да шетінеп, жалғыз қызы – біздің анамыз Балажанмен қалады. Кейін әжеміз қатты науқастанып, төсек тартып қалғанда әкем барып, арбаға жатқызып, үйіне көшіріп алып келеді. Өзі емдеп жазады.
Біз сол әжеміздің мейіріміне бөленіп өстік. (Әжем мен атамыз туралы «Сөнген жоқ, әже, шырағың» деген мақалам 2007 жылы, атамыз жерленген жерді тауып, Молдоваға зиярат етіп барарда, ал «Ата аманатына адалдық» атты мақалам оралған соң «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған. Кейін «Мен - жауынгердің ұрпағымын» деген атпен Tobyl-Torgai.kz сайтында шықты (05.05.2020).
Әжем немерелерінің интернатта, әркімнің үйінде қиындық көріп өсіп келе жатқанына уайымдай берген соң әкем Арқалықтан үй сатып алып, әжемді бізбен қалаға көшірді. Өзін жұмыстан босатпай, апам екеуі бір жыл кейін келді.
Біздің үйдің балалары оқуға ынталы болды, бәріміз өте жақсы оқыдық. Мектеп басшылығы ылғи біздің отбасыны үлгі етіп айтып, әке-шешеміз ата-аналар жиналыстарынан мерейлері өсіп қайтатын.
Белсенді оқушы болдым – мектеп бастауыш комсомол ұйымының хатшысы; оқушылардың құрылыс отрядының комиссары; қала өміріндегі саяси-мәдени іс-шаралардың қатысушысы болдым. Қалалық комсомол комитетінің мүшесі едім. 1972 жылы Липецк қаласында өткен оқушылардың еңбек отрядтары комиссарларының Бүкілодақтық слетіне қатыстым. 10-класта оқып жүргенімде облыстық радиодан берілетін оқушылар мен жастарға арналған хабардың жүргізушісі болдым (редакторы Нағашыбай Мұқатов).
Біз Арқалықта ашылған театрдың алғашқы және адал көрермені болдық. Репертуарындағы барлық спектакльдің премьерасында болдым. Арқалық халқы үшін алғашқы «Айман-Шолпан» қойылымы нағыз мерекедей болды. Театр ұжымын мектепке шақырып, кездесулер өткізіп тұрдық. Қалаға келген тұлғалардың басым көбі мектебімізге келетін (жалғыз қазақ мектеп болды): жерге қонған ғарышкерлерді, Қ.Қайсенов, Ж.Қыдыров, К.Мырзабеков, Ш.Қалдаяқов, М.Шаханов, т.б. кісілерді қарсы алып, сол кездің дәстүрімен партизан жазушы Қасым Қайсеновтың, ғарышкер Виктор Горбатконың мойнына пионер галстугін тақтым. Осындай іс-шараларда Торғай өңірінің мәдениетін өркендетуге орасан зор еңбек сіңірген тұлға Өзбекәлі Жәнібековті жиі көретінбіз. «Торғай әуендері» фестивалін тұңғыш ұйымдастырғанда маңайында жүретін жастардың (массовка) ішінде болдым.
Ағам бірден Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Манар екеуміз 1972 жылы – ол физикадан Тбилисиде, мен математикадан Челябинскіде өткен Бүкілодақтық олимпиадаға бардық. Келесі жылы жоғары класс оқушылары арасында өткізілген Республикалық шығарма байқауында 2-ші орын алдым. Осы жеңісім, оған қоса Алматыдан келген журналистердің жазуыма, сөйлеуіме қатысты пікірлері мамандығымды таңдауға да әсер етті.
Оқуға бірден түстім, қиналмай оқыдым. Білім деңгейім жақсы екенін айналам тез байқады. Ұстаздарым Мырзатай Серғалиев, Кәкен Аханов, Рымғали Нұрғалиев, Мархабат Томанов, Светлана Сагалович, Лилия Сорокина, Мая Бағызбаева, Сағат Әшімбаев... курсқа үлгі ететін. Топқа староста етіп сайлады. Профессор Тұрсынбек Кәкішев тақырып беріп, ғылымға баулыды, кейін диплом жетекшім болды.
Ұстазыммен арада біраз жылдар өткенде, Тұрсынбек аға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан құрылған «Отырар» кітапханасына 5000 кітабын табыс еткен іс-шарада кездестік. Мен профессор Оразгүл Нұрмағамбетова өзіме мұраға қалдырған 1000-нан астам кітапты сыйға тартқан едім (ол кезде директоры Тұрсын Жұртбай болды).
Университет бітірген соң «Лениншіл жас» газетінде 1 жыл (бас редактор Сейдахмет Бердіқұлов), «Қазақстан әйелдері» журналында 10 жыл (бас редактор Мәрия Қарақонақова, Алтыншаш Жағанова) еңбек еттім. Осы жылдары аудармашылыққа қызығушылығым оянды.
Шамамен 1985 жылы болуы керек, ф.ғ.д. О.Ә.Нұрмағамбетованың өтінішімен Әбділда Тәжібаевтың бірнеше өлеңін орыс тіліне жолма-жол аударма жасадым. Өлеңдер жинағы орыс тілінде шығарылайын деп жатыр екен, ақын бірнеше кісіге (қабілеттерін байқағысы келген болуы керек), «пробный» деп он шақты өлеңін аударуға беріпті. Бір қызығы, солардың ішінен танымал қазақ/неміс жазушысы, аудармашы Герольд Бельгер екеуміздің аудармаларымызды ұнатып, таңдап алды.
Кейін басқа да ақындардың (Махамбет, Фариза Оңғарсынова, Ұлықбек Есдәулет, Табылды Досымов, Бижан Қалмағанбетов, т.б.) өлеңдеріне жолма-жол аударма жасадым.
1987 жылы мен ауқымды (10,5 б/т) бөлігін аударған «Шаңырақ» энциклопедиясы жарыққа шықты.
1988 жылы «Мектеп» баспасынан А.Г. Хрипкова, Д.В.Колесовтің «В семье мальчик и девочка» деген танымдық кітабы қазақша жарық көрді (мен қыз балаға қатысты бөлігін аудардым).
Тіл туралы заңның қабылдануына орай 1990 жылы жоғары билік органдарына қазақ тілді мамандар тартылды. Солардың қатарында мен де бар едім. «Егемендік туралы» декларацияның қабылдануын, сол сәттегі аудитория атмосферасын көзбен көрдік. «Тәуелсіздік туралы» заңның қабылдану процесіне өз құзыретіміз шегінде атсалыстық.
1991 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінде Наурыз мерекесіне арналған үлкен іс-шараның жүргізушісі болдым. Залда отырған белгілі ғалым, жазушы Зейнолла Серікқалиев келесі күні шақырып, менің 2 тілде еркін әрі таза сөйлеу қабілетімді мақтап, аударманың жаңа саласы – ілеспе аудармашы болуға ұсыныс жасады. «Синхронист» деген сөзді тұңғыш рет сол кісіден естідім. Ол кісімен кездесу, осы әңгіме туралы Фейсбукте естелік жариялағанмын, https://www.facebook.com/share/p/1DJAs1YoZk/
Ілеспе аударманы игеру оңай болмады – үйрететін адам да, оқу орындары да, интернет те, әдістемелік құралдар да жоқ. Дегенмен өз бетіммен, интуициямен жаттыға бердім. Ілеспе аударма – қиын да, қызық та тұстары көп өнер. Ол туралы жастарға айтып, Фейсбукте #ілеспе_аударма_бекзат_өнер, #ілеспе_аударма деген хэштегтермен посттар жазып тұрамын.
1995 жылы ЮНЕСКО аясында Абайдың 125 жылдығына арналған халықаралық конференция болды. Сол жиында Шыңғыс Айтматовтан бастап Мұстай Кәрім, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары, Жабайхан Әбділдин, Қайым Мұхамедханов, Кенжеғали Сағадиев, Иманғали Тасмағанбетов, Ғарифолла Есім, т.б. тұлғалардың сөйлеген сөздерін орысшаға аудардым (әрі қарай сатылап 4 шет тіліне аударылды).
Ілеспе аударманы игеруім елде болып жатқан саяси-рухани оқиғалардың ортасында жүруіме жол ашты. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың, қазіргі іс басындағы президент Қ.-Ж. Тоқаевтың, елге келген президенттер (А.Ақаев, И.Каримов, Р.Отунбаева және кейінгі президенттер) мен үкімет басшыларының қазақша айтқан сөздерін, Қазақстанның айтулы азаматтарының, халықаралық деңгейдегі тұлғалардың (Е.Асанбаев, С.Әбділдин, Ө.Байгелди, М.Оспанов, Ө.Жолдасбеков, Т.Әубәкіров, О.Әбдікәрімов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбай, О.Сүлейменов, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, Г.Боровик, И.Кобзон, т.б.) қазақша/орысша сөйлеген сөздеріне тиісінше аударма жасауым – ілеспе аударманың арқасы.
1997 жылы Мұғалима Әуезованың «Әкем туралы» деген шағын естелік кітабын орыс тіліне аударма жасадым. 2004-05 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында белгілі аудармашы, редактор Нұрмахан Оразбектің басшылығымен әлемдік деңгейде танылған философтардың жекелеген еңбектерін қазақшаладым («Қазақстан» баспасынан шықты)
Мемлекеттік қызметте жүріп, шығармашылықпен айналыстым: 1) әңгіме, 2) өлең, 3) мақалалар жазып, 4) аударма жасадым; 5) ілеспе аударманың дамуын зерттеп, диссертация қорғадым; 6) ілеспе аударма жасауды үйренуге арналған әдістемелік құралдар, сөздіктер шығардым; 7) ізбасарлар тәрбиеледім; 8) ана тілін ұмытқандарға тіл үйрету курсын жүргіздім; 9) ұлттық, отбасылық құндылықтарды насихаттадым; 10) ұмыт болған ұлттық тағамдарды іздеп тауып, дастарханымызға қайтару бағытында жұмыстар жүргіздім.
Сыртта жүрген қыз туған елге деген сағынышын өмір бойы жүрегінде аялайды. Сол сағыныш «еліме қандай пайда келтіремін?» деген оймен түрлі қадамдар жасатады. Өз қолымнан келмеген жағдайда елдегі мәселелерді әлеуетті тұлғаларға жеткізіп, шешімін табуға үлес қостым. Кейбір мысалдар мыналар:
1. Торғай облысы жабылған кезде сенатор Е.И.Аманның жабылу мәселесі тұрған Арқалық педагогикалық институтын сақтау қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдап, Үкіметтегі комиссияның қарауына шығаруына себепші болдым. Сол кісінің табандылығының арқасында мәселе оң шешімін тауып, институт сақталып қалды;
2. Мәжіліс депутаты Р.С.Қуанышбаеваның араласуымен халықтың 1998 жылдың 10 айының төленбеген айлықтарын алуына көмектестім (тұрғындар Арқалық, Амангелді аудандарында 29, 30, 31 желтоқсан күндері төленгенін хабарлады);
3. Бұрынғы сенатор Ә.Қ.Құсайынов Көлік және коммуникация министрі болған кезінде Астанадан Арқалық қаласына жүретін, 5-6 вагон ғана қалған жолаушылар поезына қосымша 2 вагонның қосылуы;
4. 2012 ж. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Г.Н.Әбдіхалықова арқылы сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Қ.Дүйсенованың шешімімен Арқалық қаласындағы «жастар практикасы» өтетін мерзімнің ұлғайтылуы;
5. Осы Ұлттық комиссияның араласуымен Арқалықтағы перзентхана бөлімін тарылтуға жол берілмеуі (бір палатаға бұрын 2 әйел жататын болса, 4 әйел жатқызу ісі қолға алынбақ болған);
6. 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтауға арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобаның конференциясы Арқалық қаласында ұйымдастырылуы;
7. Мектеп бітіруімізге 50 жыл толуына орай өзіміздің мектептің ауласында Шоқан Уәлихановқа қойылған ескерткіштің тозығы жетуіне байланысты өз есебімізден жөндеу жүргізілуі.
8. Туған жерге деген сағыныш пен ақ тілек өлең болып өрілді. «Қостанай, гүлдеп, өсе бер!» атты өлеңіме композитор М.Жәутіков ән жазып, ол Қостанайдың 140 жылдығына арналған конкурстың бас жүлдесіне ие болды.
9. Балалық шағым өтіп, түлеп ұшқан қалам Арқалыққа арналған өлеңдеріме де ән шықты. Биыл елге төркіндеу сапарымда туған «Заңғар көк сенің аспаның» деген өлеңіме де ән жазу туралы ұсыныс түсті.
Проза, поэзия, деректі хикаят, эссе, ғылыми-зерттеушілік бағытта жазылған 40-қа жуық кітаптың авторымын. Әңгімелерімнің бірқатары «Жұлдыз», «Жалын», «Таңшолпан», «Аружан», журналдарында, орталық және өңірлік газеттерде, «Әдебиет», «Қаламгер», «Мәдениет» порталдарында жарияланған. Мақалаларым, сұхбаттарым әлеуметтік желілерде, сайттарда, арналарда бар. Фейсбукте, Инстаграмда жиі жарияланып тұрамын.
Көпшілік мені жазушы Камал ӘЛПЕЙІСОВА деп таниды. Ал көзі қарақты оқырман үшін мен – Халықаралық «АЛАШ» әдеби сыйлығының лауреаты атағына ие болған жазушы, ақын, аудармашымын. Сонымен бірге, қазақша/орысша және керісінше ілеспе аударма жасаудың негізін қалаған ілеспе аудармашы екенім жұртқа белгілі. Мен – осы тақырыпты зерттеп, елімізде алғаш диссертация қорғаған филология ғылымдарының кандидатымын, әдістемелік құрал жазған ғалыммын.
Шығармашылық және ғылыми еңбегім мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталдым. Туған қалам Арқалықтың Құрметті азаматымын.
Камалдың алтын сандығы (мақала)
Ел анасы – Камал Әлпейісованың туған жерге тағзымы (мақала)
Казправда (мақала)
Камал тәтем – жүрегі мейірімге толы асыл жан (ой)
Баннер. Қостанай. Төркіндеу (ой)
Әдебиет порталындағы парақша (ой)
Алаш сыйлығын алғанда (жаңалық)
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті (жаңалық)
Әсия Беркеновамен. Төркіндеу. Қостанай (жаңалық)
Нағашыбай Мұқатовпен. Төркіндеу. Қостанай (жаңалық)
Камал Альпеисова писатель-переводчик, заместитель председателя республиканского Совета матерей АНК (жаңалық)
Камал Әлпейісованың қос кітабының таныстырылымы (жаңалық)
Төркіндеу сапарының түйіні — қаламгердің шығармашылық кеші (жаңалық)
Жылылық (мақала)
Камал Әлпейісова 70 жаста (ақпарат)