6.05.2023 #менің_нұрлы_әлемім
АТТАНДЫҚ САПАРҒА...
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеТаң атпай уағдалы жерге жиналдық: сапарымызға Амангелді батыр атындағы көшеден аттанбақпыз. Көңіліміз көтеріңкі - мақсатымыз игі: ұлт-азаттық көтерілістің бас сардары Амангелді Имановтың туған жеріне барып, рухына тағзым ету.
Жолбасшымыз Жомарт Түбекбаев келе сала әрқайсымыздан әр нәрсені сұрап жатыр. Әдеттегідей сабырлы сияқты көрінгенімен көңіл толқуы байқалады. Әрине, жауапкершілік деген оңай ма? Қаншама адамның амандығын, көліктердің жарамдылығын уайымдайды ғой...
Автожорыққа аттанушыларды шығарып салуға келген Ғинаят ағамыз батасын берген соң Амангелді Имановқа арналған ескерткіш стелла жанында тұрып суретке түстік те жолға шықтық.
Жаратқан иеміз игі мұрат жолындағы сапарымызды оңғарғай!
6.05.2023 #менің_нұрлы_әлемім
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеЖезқазған мен Сәтбаев қалаларында қатарымыз көбейіп, тобымызға батыр баба рухына тағзым етуге ниетті тағы бірнеше адам қосылды. Жездіге қарай беттедік. Бірақ орта жолда соғуымыз жоспарлаған ерекше жер бар еді. Ол - ашаршылық құрбандарына қойылған белгітас.
Еліміз жиырмасыншы ғасырда екі үлкен ашаршылықты басынан өткерді. Болжалды деректерге сүйенсек, солақай саясаттың салдарынан 1919-1922 жылдар аралығында 1,5 миллион, ал 1931-1933 жылдары 2,5 миллионға дейін адам қырылған екен. Жыл сайын 31 мамырда атап өтілетін қаралы дата күндерінде сол нәубетті еске түсіріп, ескерткіштер ашылады, тақталар қойылады. Біз, ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары Амангелді Имановтың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Амангелді батыр рухына тағзым» автожорығына қатысушылар, бүгін сондай тақталардың бірінің жанына аялдап, ашаршылық құрбандарының рухына дұға бағыштадық.
Бізге жеткен әңгіме бойынша бұл жерде Батпаққарадан шыққан 30 шақты адам жерленген екен. Жандары жәннатта болғай!
10.05.2023 #менің_нұрлы_әлемім
БАТЫР БАТА АЛҒАН ЖЕР
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеАмангелді батырдың туғанына 150 жыл толуына арналған автожорықтың жолындағы негізгі аялдаманың бірі - ұлт-азаттық көтеріліске қатысушылар қасиетті жорыққа шығарда арнайы барып, бата алған «Дулығалы» мешіті. Ол - заманында өзіндік өркениет орталығы болған жер.
Орыс патшасының майдандағы қара жұмысқа қазақты жегу жөніндегі жарлығы Торғай өлкесінде қандай қатты қарсылыққа кездескені белгілі. Атқа қонған Аманкелді бастаған сарбаздар бір байламға келіп, серттескен жері «Дулығалы мешіті» екенін көп адам біле бермейді. Алмағайыпта алыс сапарға батасыз аттанбайтын қазақ осы мешіт басына жиналып, құрбандық шалып, көтерілісшілерге жеңіс тілеп, аттандырған.
«Дулығалы мешіті» кешені Құлмұхамбет ишанның кесенесі мен қызыл үйін және Бұқара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді мешіт пен медресені қамтыған екен. Бүгінде бұл тарихи кешеннің жұрнағы ғана қалғаны өкінішті. Және ел аузында біресе «Терісбұтақ мешіті», біресе «Бердікей мешіті» не «Құлмұхамбет ишан мешіті» деп аталып, қолжазбаларда да осы атаулар алма-кезек кездеседі.
Бала Құлмұхамбет әкесі Арыстанбай ашқан діни сауатты қанағат тұтпай, он бір жасында жайлаудағы ауылға сауда-саттық жасап келген саудагердің керуеніне ілесіп, алыстағы араб еліне аттанады. Содан он алты жылдан кейін «қари» және «ишан» атанып, елге оралады. Ол басы артық дүние-мүлік жимаған, мал ұстамаған жан болыпты.
Елге оралған соң жат жерде жиған өнерін жұртшылыққа, әсіресе, балаларға үйретуге ұмтылған. Ғұмырын елдің рухани қазынасын еселеуге, көңіл көкжиегін кеңейтіп, кемелдендіруге бел буған ишан имандылық үйі – мешіт, білім ошағы – медресе салған.
Біз көрген мешіт - қилы заманның талай сынына ұшырап, жұрнағы ғана қалған ескерткіш. Ел онда дала комиссары Әліби, сардар Амангелді сауат ашқанын айтады.
Мешіттің жобасын Бұқара үлгісімен Құлмұхамбет ишан өзі сызғаны оның жан-жақты білімі бар болғанын айғақтайды. Кірпіш қалыбын жасатып, бетіне арабша жазу, әртүрлі ою-өрнек түсірілген кірпіш құйып, оны күйдіретін пеш салған. Бұл кірпіш тақтайшалардың да жұрнақтары қалған.
Мешіттен кейін 24 бөлмелі медресе салады. Төбе жабатын ағашты, едендік тақтайды өгіз жегілген арбамен Аманқарағай, Наурызымнан тасиды. Құрылыс 1920 жылы аяқталғанға дейін балалар мешітте оқиды. Тоғыз күмбезді мешіт, сырты өрнекті қызыл кірпішпен өрілген жиырма төрт бөлмелі медресе, Құлмұхамбет ишанның келісті кесенесі мен қызыл үйі – «Дулығалы» кезінде тұтастай бір рухани-мәдени кешен болғанын айғақтайды.
Киелі орынға, қашықтығына қарамастан, қазір де тәу етіп жан-жақтан жұрт келіп жатады.
11.05.2023 #менің_нұрлы_әлемім
БІЗДІҢ ЭКИПАЖ
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеЖомарт Түбекбаев ұйымдастырған #AMANGELDI150 автожорығы мен үшін естен кетпес саяхат болды. Батыр баба рухына тағзым ету сапарының ешқандай оқыс оқиғаларға тап болмай, өткел таба алмай уақыт жоғалту сияқты жайларға мойымауымыз, сөйтіп, жоспарлаған ойымызды іске асырып оралуымыз - командамыздың идеялас адамдардан құралуының арқасы. Мен топтың ең жасы үлкені болдым.
Жолбасшымыз Жомарт бауырымды, ойы зерек, білімі терең, қаламы жүрдек Анар Төлеухан сіңлімді, мықты блогер, бір мектепте білім алған Amandyq Amirkhamzin інімді, Амангелді бабамыздың ұрпағы Еркін Сейтжанов інімді бұрыннан танитынмын. Астанадан бірге аттанған үш жігіт Болат, Жанат, Әлібекпен, Жезқазғаннан қосылған тағы екі азаматпен игі сапарымыз таныстырды. Солардың ішінде өзім бір көлікте болған жігіттер туралы айтпақпын.
Менен басқалары - энергетиктер. Жастары әрқилы - 40 пен 55-тің арасы. Отбасыларымен араласатын достар екен.
Оларды табыстырған еңбек ететін салалары ғана емес, біліп-тануға деген құштарлық, қазақ тарихына деген қызығушылық, ел кезіп, көзбен көргендерін насихаттай жүріп, айналасындағылардың танымын кеңейту деген ой түйдім. Жыл сайын кейде өздері, кейде бала-шағаларымен тарихи оқиғалар өткен жерлерге, әулиелер мен батырларға топырақ бұйырған мекендерге сапарлайды екен. Үлгі аларлық тамаша әдет дер едім.
Еркін - Амангелді батырдың ұрпағы. Биылғы көктемде ғылыми конференция, көрме өткізу, концерт қою, т.б. жұмыстарда Толкын Султанова екеуі күн-түн демей жұмыс істеген еді. Ол кезде алашапқын болып жүріп, дұрыстап жөн сұраса да алмағанбыз. Сөйтсек, екеуміз бір жердің тумасы екенбіз. Тіпті біздің әулет үшін өте қадірлі жан, кезінде төрт күн толғатқан анамның жанын алып қалып, інімнің кіндігін кескен, "Ақан" деп атын қойған дәрігер Әбдіразақ - оның үлкен әкесінің баласы болып шықты.
Біз бас иіп, тағзым еткен киелі жерлердің бәрінде құран оқитын Еркінді тобымыздың "имамы", "мүфтиі" деп қағытсақ та, оның әдемі қоңыр үніне ұйып, "әумин!" деп қол жайдық. Тарих, дін, әдебиет, әсіресе халық ауыз әдебиетінен толғата айтқан әңгімелерін тамсана тыңдадық.
Болат Тілеген де - энергетика саласының мықты маманы. Ол әке-шешесінен жастай айырылып, тағдырдың небір теперішін көрсе де сынбаған, өсуге ұмтылған. Соның арқасында бүгінде өз саласының беделді тұлғаларының бірі болып отыр.
Болаттың бір әуес ісі бар екен - ол айналаны жасыл желекке бөлеуді ұнататынын, үйінде пальма ағашының 14 түрі, басқа да біз аттарын ғана естіген ағаштар өсіп тұрғанын айтты. Мені таң қалдырғаны - келіншегі екеуі отбасының даму стратегиясын жазғандығы. Ол құжатта таяу болашақта 100 мың түп ағаш отырғызу да көзделген. Осы сапарда Болат Ұлы Жыланшық өзенінің бойына, Кейкі мерген жерленген жерге жабайы алма, терек, үйеңкі және 2 түп анар ағашы бар 100 түп өскінді отырғызды.
Жанат Бекмағанбетов - экипаждың ең жас мүшесі, соған сәйкес ең төзімдісі де - 2000 шақырымнан астам жол жүргенде көлік тізгінін бір өзі ұстады. Бұл жерде оның бойында төзімділік пен халқымыздың кішіпейілділігі қатар өрілгенін байқау қиын емес.
Энергетика саласында орныққанға дейін құрылыста да, ауыл шаруашылығында да, мемлекеттік қызметте де еңбек еткен. Өмірде өз ұстанымы, әр нәрсеге өз көзқарасы бар және оны дәйектеп, дәлелдей алатын білімі бар. Орыстардың арасында өскендіктен ана тілімен кештеу қауышқан, өздігінен үйреніп жүріп, игерген. Міне, сондықтан осы салада да оның айтары бар. Таза қазақ тілінде. Кезінде өзі жіберген кемшіліктерді күле отырып еске алады. Тіл үйрету процесін зерделеп, мемлекеттік тілді дамыту тетіктерін ойластырып жүреді екен. Айтып тауыса алмайды - көбі көкейіме қонды.
Сапарлас жігіттердің қасиет-қабілеттерін бір постқа сыйдыра алмасым анық. Бір нәрсе анық, олар - менің Сарыарқаны шарлаған автожорықта тапқан олжаларым.
14.05.2023 #менің_нұрлы_әлемім
ТУҒАН ТОПЫРАҚТА АУНАУ САПАРЫ
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеШыны керек, адамды туған топырақта аунату туралы бұрын естіп, оқып жүрсем де, өзім де сондай бақытты сәтті бастан кешем деп ойламаппын. Біршама уақыт бұрын белгілі ғалым Бауыржан Омарұлы бір постында Қызылордаға келген сапарында қаламдастары Сырбай Мәуленовты топырақта аунатқаны туралы жазған. Соны оқып, Сыр-ағаның бақытты жүзіне қызыға қарағанымда жүрегім шым еткен...
Бәлкім, содан да болар, #AMANGELDI_150 автожорығын ұйымдастырушы Жомарт Түбекбаев Түбекбаев "Рахметке", Жыланшық бойына баратынымызды айтқанда мен:
● жолдың ұзақтығына;
● 1700 шақырымның (іс жүзінде, екі рет адасып, 2200 км жүрдік) басым бөлігі асфальт еместігіне;
● балаларымның жайлап сақтандырғанына;
● сапарластардың мұндай жорықтардың талайында шыңдалған жігіттер екеніне;
● тіпті сыпайы түрде әйел адамға қиын болады деп ескертілгеніне қарамастан, баруға бел будым. Сол шешіміме ризамын.
ЖОЛДАН АДАСУ және "СПАСИБО!" ДЕГЕН КЕЛІН
Әуелі Жездіден шыққан соң жолдан жаңылдық. Маршрут құрылғанда Қойлыбай әулиенің басына бір түнеп, әрі қарай Торғай асамыз деген жоспар болған. Ұлытау жері жібергісі келмеді-ау, сірә. Түні бойы біраз жерді шарладық: толған Ай біресе оң жағымызда, біресе сол жағымызда қалады. Біресе тура алдымызда толықсиды, біраз жүрген соң желкемізде тұрады... Адасқанымызды түсіндік. Палатка құрып, далада түнейтін болдық. (Бұдан кейін тағы бір рет түнде Жыланшық бойын жағалап, өткел таба алмай далада қонуға тура келді. Сол екеуінде де топтағы 2 қызға "люкс" жағдайлар жасалып, жатын орнымыз көлік ішінде болды).
Ертеңіне күн шыға аттанып кетіп, сол маңайда шаруасын дөңгелентіп отырған Қанат есімді азаматтың үйінде ат шалдырдық. Сәлемдесіп, жөн сұрасқан жолбасшымыз Жомарт маған қарап: "Тәте, сіздің туысыңыз екен, төлектің жиені көрінеді" деді күлімдеп. (Жалпы, біздің өңірдің адамдары "төлек" десе әйтеуір бір қисық сөз айтқысы келіп, ауыздары "қышып" тұратынын білетін мен бұл жолы да сондай бір сөз айтылып қалар ма екен деп ойлап үлгіргенім рас). Бірақ Жомарттың жайдары жүзін, Қанаттың ақсия күліп тұрғанын көріп, менің де жүрегімді қуаныш кернеп, "Кел, құшақтайын!" деп жиенді бауырыма бастым.
Қанаттың топ адамды ертіп келе жатқанын көрген келіншегі даланың салтымен дастархан жасап жүгіріп жүргенін бірден байқадым. Және өзі сондай сүйкімді екен. "Төрлетіңіздер. Демалып алыңыздар" деп бәйек болғанына риза болған мен: "Ой, айналайын, бақытты, ғұмырлы бол!" дедім табалдырықтан аттай беріп. "Спасибо! Спасибо, апай!" деді ол.
Төбемнен біреу қойып қалғандай қалт тоқтадым.
"Спасибоң не шырағым-ау? Рахмет деуге тілің келмей ме?" - дедім жаратпай. Түрім де бұзылып кеткен шығар...
Келіншек жайдары қалпынан танған жоқ. Әдемі жымиып: "Бізге олай деуге болмайды, апай. Атамыздың аты ғой..." деді.
Сонда ғана алдымда халқымыздың ат тергеу деген ғажап салтын берік ұстанған келін тұрғанын түсініп, көңілім алабұртып қоя берді. Сонау бір ғасырдан астам уақыт бұрын өмір сүрген Рахмет болыстың атын атамай, әдеп сақтаған, әрі менің туған топырағыма жақындай түскенімізді білдірген келінді барып құшақтай алдым.
ҚОЙЛЫБАЙ ӘУЛИЕ, ТЕРІСБҰТАҚ, БАЛЫҚ ҚАРАСУЫ
Бұлар - әуел бастан барамыз деп белгіленген жерлер болған соң, барып, Қойлыбай бақсыға құрбан шалып, Терісбұтақтағы ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары осы жерде дүниеге келгені туралы жазылған тақтайшаны ауыстыру керектігіне көз жеткіздік. Оны батырдың ұрпағы Еркін Сейтжанов өз міндетіне алды. Содан кейін батырдың балалық шағы өткен Балық Қарасуына барып тағзым еттік.
Автожорықтың Қойлыбай бақсыға барғаны туралы тобымыздың мүшесі, белгілі блогер Amandyq Amirkhamzin жазған мына посттан жақсы ақпарат ала аласыздар: https://www.facebook.com/photo?fbid=6199776796787599&set=a.413354812096522
(Жалғасы бар)
26.05.2023 #менің_нұрлы_әлемім
БІЗ ТҮСІНБЕЙТІН ҒАЖАЙЫП
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеЕлден оралғалы өткен күндер әсерінен біраз арыла алмай жүрдім. «Басқалар қайтты екен?» деп ойлап қоям. Қанша дегенмен экстремалды саяхат барысында бойларында туған елге деген алапат сезімі бар, білімді, тәрбиелі, елгезек жандарға бауыр басып қалғандаймын. Кейде әрқайсысының сөзін, ісін, мінез-құлқын көз алдыма елестетіп, жымиып қоямын.
Сол сезімдерімді жазып қою үшін компьютердің ішіне кіріп кетердей болып, жұмыс істеп отыр едім, Еркін Сейітжанов інім телефон соғып: "Апай, біз сізді сағынып қалдық, кездесіп, шәй ішуге уақытыңыз бар ма?" деді өзімсіне сөйлеп... Лезде жиналдық, әрнәрсені айтып, шүйіркелесіп отырмыз. Экипаждағы үш жігіттің алабұртқан жүздерінен, бір-біріне дегбірсіздене қарап қойғандарынан бірдеңе айтқылары келіп отырғанын байқаған соң "Ал, тыңдауға әзірмін" дегендей үшеуіне бар ықыласыммен қарадым.
"Тәте, мен бір қызық жайды сізге айтқанша асығып келдім", - деді Болат.
Естеріңізде бар болса, Болат Тілегеннің Ұлы Жыланшықтың бойына, Кейкі мерген жерленген зираттан 50-60 метрдей жерге 100 түп ағаш отырғызғанын жазған болатынмын. Ағаш егу, жан-жағын жасыл желекке бөлеу – Болаттың жаны сүйген ісі. Еркін мен Жанат оның қалалық жағдайда, пәтерінде пальма ағашының 14 түрін өсіріп отырғанын айтқанда таң қалғам. Өзімен осы ісі туралы сөйлескенімізде «Тәте, мен алдыма 100 мың түп ағаш егем деген жоспар қойғам. Бірнеше жылдан бері өз көшемізде, осылай саяхаттап барған жерлерімде отырғызып жүрмін. Үйіміздің ауласында еккен ағаштарым қазір 4-5 қабаттардың терезелерін күннен қорғап тұр» - деді жымиып. «Ер адам үй салуы, ағаш отырғызуы, ұл өсіруі керек» деген сөздердің барлық шарттарын орындаған жігіт екенсің» дедім сүйсініп.
Ол жас шыбықтарды жорыққа шығардан біраз бұрын әдейі дайындап, тамырлатып алып шыққанын бәріміз білетінбіз. Біз мінген HILUX көлігінің екі жақ бұрышында кішкентай жапырақтары желбіреп, 100 шыбық – жабайы алманың, теректің, талдың, 2 түп анар ағашының көшеттері де біраз саяхаттады. Алғашқы үш күнде жер-анамен қауышар күнін күткен көшеттерді отырғызудың орайы келмеді. Мына ыстықта жас өскіндерді айдалада отырғыза салса, қурап қалары анық, сондықтан өзендерді жағалай жүргенімізде, Болат жүзі жайнап, "Ағаш отырғызамыз ба?" деп бірнеше рет ұсыныс жасады.
Бірақ алда жол ұзақ болған соң, діттеген жерге тезірек жету үшін саялы, сулы жерлерге көп аялдай алмадық. Қойлыбай бақсыға құрбан шалған жерде кесене түбінен ағып жатқан өзенді көріп бір оқталған, бірақ кеш батпай тұрып жол жүру керек болып, кейінге қалды; Дулығалы мен Бас сардар дүниеге келген Терісбұтақ су көзінен алыста екен. Жәнібек Кенжебаевтың шаруашылығына келгенімізде көшеттерін ыңғайлай бастап еді, жолбасшымыз осы маңайда жерленген Бектас, Бірәлі сынды бабалардың басына барып дұға бағыштаймыз деген соң, ағаш егуді содан кейінге қалдырдық.
Бірақ, жылқының «Бектас жылқысы» деген тұқымын өсірген Бектас бабамыздың, «Мың айдаған Бірәлі» атанған, Амангелді сарбаздарын мінер атпен қамтамасыз еткен Бірәлі бабамыздың рухына арнап құран оқып, олар туралы Жомарт Түбекбаев тың әңгімелерін тыңдап, кешенге оралғанымызда қараңғы түсіп кеткен еді - тал тағы егілмеді. Үшінші күні Болат "Топырағы құрғап кететін болды" деп бір уайымдаса, "Алда баратын жерлерімізде өзен болар ма екен?" деп тағы алаңдап жүріпті.
"Бірәлідегі" Жәнібектің шаруашылығынан кейін "Рахметке" бет түзедік. Жолда Кейкі мерген шейіт болған "Жалаулыға" соғып, мерген бабаға дұға бағыштамақпыз. Қатыгездікпен, айуандықпен өлтірілген мергеннің денесін басқыншылар әбден қорлап, жүкті әйелі мен ішіндегі шарананы да аяусыздықпен шауып тастағаны баршаға белгілі. Шашылып қалған сүйегін ағайындары осы жерге арулап қойған екен. Араға талай жылдар салып, туған елге оралған бас сүйегі Арқалық-Амангелді тасжолындағы кесенеде жерленген.
Мерген қаза тапқан сайдан өтіп, көліктерді алысқа тастап, жаяулап келе жатырмыз. Зиратқа жақындай бергенімізде көк сырмен боялған қоршаудан бір үлкен құс ұшып шықты. "Бүркіт!" десті жігіттер.
Ұя басып жатыр екен. Қоршаудың ішіндегі ұяда 4 жұмыртқа жатыр. Қасиетті құстың ақылына таңырқадық: бүркіт болашақ балапандарын даланың жыртқыштарынан қорғау үшін ұя басуға мергеннің зиратын паналап келгендей көрінді маған. Заманында қазақ азаматтарын орыс патшасының құлдығынан, шонжарлардың зорлығынан қорғау үшін ұйқы-күлкіден айрылып, тау-тас кезіп, арпалысып өткен мерген жер астында жатып та туған жердің аң-құсына сая болып жатқандай...
Құран бағышталды, ендігі бағыт – кезінде «Родник» атты кеңшар орталығы болған, байырғы жұрт "Рахмет" деп білетін жер. Болат анадайда майда тал, қамыс көмкерген өзенге көз тігіп тұр екен, ағаштарды осы жерде отырғызу туралы ойын ортаға салды. Әдетте алды-артымызға қаратпай, асықтырып тұратын Жомарт та бірден мақұлдады.
...Жағада маса жаудай екен. Соған қарамастан жігіттер іске кірісіп кетті. Болат мұндай іске әбден машықтанған маман екенін бірден танытты: бұрандалы шегелерге арналған құралын (шуруповерт) ала шығыпты. Көзді ашып-жұмғанша жерді тесіп, көшеттерді қаз-қатар тізіп, отырғызып келеді. Қарасаң көз сүйінеді... Болаттың жүзіндегі бір үлкен істі бітірген жанның өзіне риза кейпі есімде қалып қойды.
Астанаға оралған соң әрқайсымыз өз жөнімізбен кеттік. Болат - энергетик, оның компаниясы мен түсіне бермейтін ауқымды шаруалар атқарады. Өткенде сондай бір жұмыс туралы келісім жасау үшін Республика даңғылындағы орталық кеңсеге барады. Қағазын реттеп, жолдың арғы бетінде қалдырған көлігіне қайтып келе жатқанда артынан біреу жүгіре жетіп, "Болат!" деп қолынан ұстай алыпты.
"Ол менің 7-8 жылдай көрмеген курстасым еді. Кезінде Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің Арқалықтағы филиалында бірге оқығанбыз. Ол күтпеген кездесуге аса қуанып, "Соңғы күндері сені көп ойлап, кездескім келіп жүр едім. Қайдан іздерімді білмедім. Әсіресе өткен мереке күндері мүлде мазам кетті. Айтпақшы, сен ол күндері қайда болдың?" деп сұрады салған жерден" деді Болат.
Мұның таңданып, тіпті сасып қалғанына қарамастан курстасы әрі қарай тоқтамай сөйлеп, автобуста кетіп бара жатқанында көшеден өтейін деп тұрған мұны көріп, аялдамадан түсіп қалғанын, артынан жүгіріп әзер қуып жеткенін айтып, соған өзі қатты қуанып, бастырмалатып сөйлеп жатты.
"Мен ол күндері сенің еліңде болдым. Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған автожорыққа қатыстым, батыр туған жерге, шайқасқан, шейіт болған жерлерге барып, тағзым еттік" дейді Болат.
Жаңа ғана жарқылдай сөйлеп тұрған курстасы сабырлы қалыпқа түсіп бұдан "Кейкіге соқтыңдар ма?" деп сұрайды. "Әрине! Әдейі бұрылып барып, құран бағыштадық. Зиратынан 50-60 метрдей жерде өзен ағып жатыр екен, мен 100 түп көшет ала шыққам - сол жерге ектік" дейді Болат.
Курстасының жанарын жас кенерелеп: «Ол – біздің бабамыз ғой» дейді баяу үнмен. Сосын Кейкінің күреске толы өмірі, мергендік өнері туралы, Амангелді батырдың қарулас досы, «мыңбасы» болғанын, яғни қарамағында мыңнан аса мерген болғаны туралы біраз әңгіме айтады. «Бәсе, мен неге сені ойлағанымды енді түсіндім, - дейді сосын, - бабамның рухы екен ғой жаныма маза бермеген».
"Тәте, мен осыған таң қалдым, - деді Болат, - біз оқып жүргенде де онша жақын араласқан емеспіз. Арада біраз жыл өткенде оның мені есіне түсіріп, тапсам деп мазасыздануында бір сыр жатқан сияқты".
Әрине, бір сыр бар, біз түсіне бермейтін, тереңіне бойлай алмайтын ғажап жайлар көп қой мына өмірде. Кейкі бабамыз да Болаттың автожорықпен Торғай өлкесіне, Амангелді туып-өскен, майдандасқан, шейіт болған жерлерге бет алғанын жүрген ұрпақтарына білдірген сияқты. Бұл сапар туралы сәл ертерек естісе, бәлкім, Болаттың курстасы да бабасының басына сол топпен бірге барып, қол жаяр ма еді?!.
«Бұл оқиғаның тағы бір ишарасы бар сияқты, - дейді Еркін Сейтжанов інім. - Амангелді батыр мен Кейкі мергеннің арасы туралы қисық сөздерді жоққа шығаратын ишара».
Мен оның не айтпақ болып отырғанын бірден түсіндім. Өкінішке қарай, зерттеушілердің ішінде де өз руына, ата-бабаларына бүйрегі бұрып, тарихи деректерді бұрмалаушылар болатыны жасырын емес. Олар сол сезімдерінің жетегінде кетіп, зерттеу объектілерінің ұрпақтарын бір-біріне қырын қаратып қоятынын ойламайтыны өкінішті. Бір жерден шыққан екі тарихи тұлға туралы да небір алыпқашпа әңгімелерді құлағымыз шалған – Еркін соны меңзеп тұр.
Ары жіберсе, айта берсін. Бірақ өрелі ұрпақ ондай өсектен биік болатынына сенемін. Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған автожорыққа Болат алып шыққан 100 түп көшеттің Кейкі батырдың зиратының қасында егілу бұйырғаны да соның ишарасы емес пе?
Жыланшық бойында нәп-нәзік жапырақтары желбіреп қала берген көшеттер «Шалағай «зерттеулерге» сүйенбеңдер! Бізді бір-біріне ренішті, тіпті араз болыпты деушілердің сөздеріне сенбеңдер» деп тұрғандай...
11.09.2023 #менің_нұрлы_әлемім
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Елге, Бас сардардың 150 және Амангелді ауданының 95 жылдығы атап өтіліп жатқан жиынға барып қайттық. Жыл бойғы еңбектің нәтижесін көріп, көңіл марқайды. Тойдың қалай өткенін әлеуметтік желіден көріп отырсыздар ғой: ішінде мақтау көп, даттау да бар. Қанша адам болса, сонша пікір болатынын білеміз, сондықтан да ол жазбалар - басты өлшем бірлігі бола алмасы анық. Мұндайда негізінен өздері саусақ ұшын қимылдатпайтындар сынап-мінеуге дайын тұратыны тағы рас. Біз бұл сапарымызда сынауға емес, елдегі ілгерілеушілікті, жақсылықты, ынтымақты көруге ниетті болдық.
Амангелді ауданының орталығы кентке кіреберісінен бастап той болатын жер екенін танытады: көшелері тап-таза, адамдарының жүзі жарқын. Жерлестер тіршілікте қиындықты көп кешіп, қуанышы аздау болған бабаның “бір тойын” өткізуге бекем бел буғандары көрініп тұр. Тіпті табиғат та үлкен іске үн қосқысы келгендей, бірнеше күн үздіксіз себелеп жаңбыр жауыпты. Нәтижесінде ауыл айналасы жап-жасыл боп тұр. Көктем сияқты. Ал той күндері аспан шайдай ашылды. Көше шаңын басқысы келгендей бір-екі рет бүркіп-бүркіп өткені де көңілге қаяу түсірмеді.
Түнделетіп жетіп, Үрпек ауылы тігіп отырған “Иман батыр” үйіне тоқтағанбыз. 12 қанат кигіз үйдің ішінде жағалай жер-үстелдер қойылған - дастарханның жасалуында мін жоқ. Тіпті жайылған дастархандар да өз көңілдеріндей аппақ. Бас сардардың Алматыдан, Астанадан, Оңтүстік Қазақстан өңірінен келген ұрпақтарымен таныстық. Толқып, атажұртына деген сағыныштарын айтып жеткізе алмай тұрған жандардың сөздері - жүректерден жүректерге жеткені сөзсіз. Сол жерде өзім жазғы жорық күнделігінде жазған анамды босандырып алатын "Рахметтегі" дәрігер Әбдіразақтың баласы Бағдат Шекеров деген азаматпен танысып, бауырыма бастым.
Мерейтой бағдарламасында неше түрлі іс-шаралар көзделген екен: мәдени-спорттық және ғылыми-көпшілік шаралар негізінен соңғы екі күнге қойылыпты. Ал балаларға, жасөспірімдерге арналған сайыстар апта басынан бері өтіп жатқанын естіп, біліп келдік. Бұл мерейтойдың ЕРЕКШЕЛІГІ де сонда: жас ұрпақты батыр баба рухына сай тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар кешені ойластырылғанында! Реті келгенде, жыл басында өткен ұйымдастыру жиналысында осындай жарыстар өткізіп, жүлделерді Амангелді батырдың, сарбаздардың, Кейкі мергеннің ұрпақтары тапсырса деген идея айтып едім деп бір мақтанып қояйыншы!
#менің_нұрлы_әлемім
ЕЛ АРМАНДАҒАН ТОЙ
Халқымызда «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» деген сөз бар. Батыр баба тойында да келгендер кейбір кемшіліктерін байқап, «қап, былай болғанда ғой» деп армандаса, келе алмағандар жұрт желіге салып жатқан түрлі хабарларды көріп, қатыса алмағанына аһ ұрды ғой деп ойлаймын. Бізге қойылған көп сұрақтың бірі «Кімдер келді?», «Биліктен біреу бар ма?» болды. Былтырғы Ұлт ұстазының тойын билік тарапынан елемеушілікті көрген елдің алаңдаушылығын білдіретін сұрақ.
Келді. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мухаметкалиев ты алғашқы күнгі іс-шаралардың біразынан көрдік. Театр қойылымын, айтысты сөз сөйлеп, өзі ашып берді. Облыс әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов бауырымыз да зыр жүгіріп қызмет етті. Облыстың әкімі #Құмар_Ақсақалов келесі күні таңертең баба ескерткішінің басындағы көтеріліс құрбандарын еске алуға арналған шағын митинг пен құран бағыштауға жиналған халықтың арасында болды. Одан кейін конференцияға қатысып, түсте Бас сардардың рухына бағышталған құранда қол жайды. Іс-шаралардың арасында әлеуметтік нысандарды аралағанынан да хабардармыз.
Мерейтойға Парламенттің қос палатасының төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі, Ғылым және жоғары білім министрі жолдаған құттықтау хаттарды халық ризашылықпен қабылдады.
Парламент депутаттары Ғауез Нұрмұхамбетов, Берік Бейсенғалиев, Аманжол Әлтаев, Жанарбек Әшімжан, Еркін Әбілдің қатысуы жиынға қоғамдық-саяси реңк берсе, есімдері елге белгілі ғалымдар, алаштанушы ғалымдардың арасындағы шоқтығы биік ғалым, академик Dikhan Kamzabekuly, Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев, айтыстанушы ғалым, профессор Қойлыбай Асановтың келуі іс-шараның ғылыми-зерттеушілік биік деңгейін танытты.
Ғалымдардың арасында амангелділік зерттеушілердің салмақты сөздері, бұрын беймәлім фактілерді ұсынуы қоғамдық көзқарасты өзгертуге, бұл тақырыптағы мән-мағынасыз текетіресті тоқтатуға қосылған үлес болды деп айта аламыз. Бұған конференцияда тұсаукесері өткен, өңір тарихын зерттеушілер Сахан Туленов пен Батырлан Сағынтаев тың «Амангелді - ұлты ұлықтаған батыр» атты кітабы да дәлел бола алады.
Барша қазаққа ортақ тұлғалар Асия Беркенова, Акылбек Шаяхмет, Серікбай Оспанов, Айбек Қалиев, «Аманат» партиясының орталық аппаратының қызметкерлері, Қостанай облыстық филиалының басшысы Бибігүл Аққожина, облыстық музейдің директоры Батырхан Касымов, “Қостанай таңы” газетінің бас редакторы #Кенжеш_Аманова, аудандар басшылары, басқа да жауапты қызметкерлерлер баба тойына атсалысты. Амангелді ауданын он шақты жылдай бұрын басқарған әкім Сабыржан Ахметовты көріп, қуандым. Бұны ауданның бұрынғы басшылары мен қазіргі әкімінің арасындағы сыйластық қатынастың көрінісіндей бағалауға болады.
Тіпті, «Көре-көре көсем боласың» дегендей, ойынды жақсарту, жетілдіру туралы ойлар келе бастайды екен. Мысалы, арқан тартыс кезінде командалардың арқанды бас-аяғы жоқ жұлқылай бермей, демдерін бірге алып, бір ырғақпен тартқаны тиімді болар еді деген ой келді. Үлкен кемедегі ескекшілер сияқты...
ҮЛКЕН ІСКЕ ҮЛЕС ҚОСҚАНДАР
Бұл той істің бәрін ақшаға тіреп қоюдың «себепке сылтау» екенін де танытты. Оған сол топырақта туған ірі бизнес өкілдері де, шағын кәсіпкерлік иелері де үлес қосты. Елге жиі бармаған соң көбін танымаймын, реті келгенде айта жүрейін деп, аты-жөндерін сұрап едім: «Апай, бұл -перзенттік парызымыз» деп ат-тондарын ала қашты. Танитыным – бір топ адамды туған елге жеткізіп, өз қонақүйіне орналастырған бас сардардың ұрпағы, кәсіби аңшылық өнерді дамытып жүрген #Батыр_Сейкенов. Ол – бірқатар спорт ойындарына, соның ішінде көкпарға қомақты жүлде тіккен меценат.
Бірінші күні Амангелді ауданының әкімі #Талғат_Карбозовтың жайған дастарханынан шығып келе жатқанымда бір жігіт «Камал апай!» деп қуана амандасты. Танымай, қысылыңқырап қалып едім, сезімтал екен, «Сіз мені танымайсыз, бірақ әкемді білуіңіз мүмкін. Бөгетбай Әлмағанбетов деген кісінің баласымын, атым Нұрлыбек» деді. Білгенде қандай! Осы жердегі шежіре қарттарға бір жолығып, әңгімесін тыңдасам деуші едім. Тектінің тұяғы деген осы-ау! Айтуынша, Бас сардардың ұрпағы Еркін Сейтжанов_тың айтуымен тойға демеушілік жасаған жігіттердің бірі екен. (Айтқандай, спектакльден кейін сахнаға көтерілген шежірелі қарт Мұқтар Ходенов ағамыздың сөзін тыңдау бақыты бұйырды. Ағыл-тегіл дариядай екен. Құмарым қанбай қалды).
Нұрлыбек айтқан Еркін – көп нәрсені үндемей тындыратын азамат. Оның көктемде Астанада өткен іс-шаралардың идеялық, қаржылай демеушілерінің бірі болғанын білуші едім. Кейін Жомарт Түбекбаев ұйымдастврған “Батыр рухына тағзым” («Амангелді_150») атты автожорықта бірге жүрген кезімізде Еркіннің рухани дүниесі мол тұлға екеніне көзім жете түскен. Ал осы тойға белгілі сәулетші #Мәлік_Әбділдинге тапсырыс беріп, Бас сардардың мүсінінің макетін жасатып алып келіпті. Кәсіби емес көзқараспен қарағанның өзінде ауыздығымен алысқан ат үстіндегі батырдың бейнесі жүректі дір еткізді.
Батыр жылына арналған алғашқы жиында Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арнап, ұстаз туған топырақтан Стамбулға дейін веложорық жасаған #Ернат_Мелсұлы қатысқан. Бұл жолы ол Атбасар – Кенесары – Арқалық – Тасты – Амангелді жорығын ұйымдастырды. Жас ұрпақтың бойына рухани қуат құйып, ерлікке, қиындықтан қашпауға ынталандырған бұл іс-шараның мән-мағынасы терең еді. Ешкімнің қолдауынсыз тәуекелмен басталған жорыққа ел назарын аударуға намысты қыздарымыз ықпал етті. Жанат Қажығали Қостанайда үлкен қызметте істейтін Kyrmyzy Zhanbyrshina_ға хабарласып, ол өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхамбетқалиевке жеткізген. Велошабандоздар айтыс болып жатқан стадионға кіргенде халық оларды тік тұрып қарсы алды.
Ал баба тойын өткізу идеясын ұсынып, алғашқы жиыннан бастап барша шаруаның үнсіз үйлестірушісі болған «Амангелді Иман» қоғамдық қорының басшысы Толкын Султанова екенін бәріміз білеміз. Республика ауқымында өткен бұған дейінгі іс-шараларды айтпағанда, батыр туған жердегі тойға да тамаша тарту жасады. Олар – күйші Айтбай Мұздахановтың күйіне түсірілген «Амангелді дүбірі» бейнебаяны (басты кейіпкер күйші Анар Муздаханова) мен «Бас сардар» деректі фильмі. Бұлардың тұсаукесері де Амангелді жеріндегі тойда жасалды.
Жалпы тойды облыстық деңгейде емес республикалық көлемде өтті деп сеніммен айтуға болады. Ұлттық ойындарға, балаларға арналған сайыстарға, айтысқа Қостанай, Ақмола, Ұлытау облыстарынан, Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан командалар мен өнерпаздар келіп қатысты. Тойды тамашалауға еліміздің барлық өңірлерінен ниеттес, тілекші азаматтар жиналды. Қызылорда облысының өзінен қырық шақты адам келген. Батыр ұрпақтарының оларды көне Торғайдағы өлкетану музейіне, Ахмет Байтұрсынұлының кесенесіне апарып келуінің өзі – сүйсінерлік іс.
Тойға келгендердің ішінде орны бөлек қонақ – Бас сардардың туған немересі #Батырлан_Амангелдиев екені даусыз. Біреулер таңырқай, біреулер сүйсіне қарап, қай-қайсысы да жақындап көруге, суретке түсуге тырысып бақты. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарттың Астана мен Арқалық арасындағы шоқалақ жолмен неше сағат жүретініне қарамай, елінің ортасында болуының өзі – тектілігін көрсетеді емес пе?