24.12.2023 #менің_нұрлы_әлемім #Меккеге_сапар
ДҰҒА ЖАСАҢЫЗШЫ…
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
“Қай жерің ауырса - жаның сол жерде”, “Жоқтау айтқан әр әйел әрқайсысы өз мұңын шағады” дейді ғой. Адам қиналғанда сәл нәрседен үміт етіп, әркімнен көмек күтеді, демеу сұрайды.
Қасиетті сапарға шыққан адамдарға да сондай өтініштер айтылатынына сенімдімін. Өйткені өзімнен солай: әке-шешесіне, жарына, баласына… дұға жасауды, тілек тілеуді өтінгендер көп.
Бір шәкіртім ерекше хат жазыпты. Қымбатты сіңлім, тілегіңді күбірлеп айттым, Аллам қабыл еткей! Және перзент сұрап жүргендердің бәріне де сәби сүю бақытын сұрадым!
Қымбатты аға-іні, апа-сіңлі, замандас-достар, сыйлас жандар! Баршаңызға жаратушыдан қорған мен қамқорлық, денсаулық, науқастанып жүргендерге шипа, адамдарға мейірім, ұрпағымызға саналылық, зейінділік, білімділік тіледім. Аллам қабыл еткей!
25.12.2023 #менің_нұрлы_әлемім #Меккеге_сапар
МЕККЕ ҒАЖАЙЫПТАРЫ
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Бұрын Меккеде болған таңғажайып оқиғалар туралы оқып жүріп, соларға сенер-сенбесімді білмейтінмін. Болады екен. Біз барған кезде де сондай оқиғалар болды.
Ең бастысы - жаңбыр жауғаны! Бұл жақта сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан мұндағы үшінші күнімізде жаңбыр жауғанын жақсы ырымға балап, қатты қуандық! Қатты жауғаны сонша, әрі суағарлар болмаған соң, жаңбыр суы жиналып, мешіт маңында су тобықтан келді. Оны елең қылып жатқан ешкім жоқ.
Ал түскі жаңбыры тіпті ерекше жауып тұрды: анда-санда бүркіп-бүркіп қояды. Тура әтір сепкішпен бүріккен сияқты.
Таңғы таһажуд намазына барғандар бір ғажайыпты айтып келді.
Қағба алаңына кіре алмаған соң, екінші қабатта намазын аяқтап, дұғасын оқып отырғанда ерлердің “Аллаһ акбар! Аллаһ акбар!” деген дауыстары қатты шығады. Іле әйелдердің шыңғырғандары естіледі.
Тобымыздағы астаналық Ақерке деген келіншек былай дейді:
“Жаңбыр жауып тұрса да жұрт қағбаны айналып жүрген. Әлгі дауыстарды естіп, қағба жаққа қарасам тура түбінде бейнебір науадан құйылғандай су құйылып тұр екен, арасынан бір жазулар шыққандай көрінді. Толық көре алмадым, арабша “л” -ға ұқсас біреуін байқадым. Көзді ашып-жұмғанша болды.
Намаз аяқталған соң көзбен көрген күзетшілер әсерленіп бірдеңелерді айтып жатты. Тіл білмеген соң, түсінбедік. Ал ол ғажайыпты көргеніне мәз, айтып жеткізе алмай, қолын сермелеп, басын ұстап, көзін аспанға қаратып “аллалап” тұрды”.
Тобымызда тағы бір қызық оқиға болды. Екінші умра күні Түркістаннан келген Қарлығаш есімді келіншектің арқасындағы қапшығынан кроссовкасының бір сыңары түсіп қалыпты. Он мыңдаған адамның қозғалысы бір сәт тоқтамайды. Және олардың екпіні де баяу емес. Іздесе де табылмасы анық екені түсінікті. Бірақ, ғажабы сол - тағы екі айналым өткенде… кроссовка тура аяғының астынан шықты!
26.12.2023 #менің_нұрлы_әлемім #Меккеге_сапар
ЖАСЫЛ ЖЕЛЕГІ АЗ ЕЛ
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеБүгін елге қарай жол жүреміз. Таңертең ұшатын болсақ та, мен өзім кеш түсе қамдана бастадым. Сағынғанымның бір белгісі болар. “Әркімнің туған жері - Мысыр шаһары” деген сөз бекерге айтылмаған ғой.
Келе жатқанымызда ұшақтың иллюминаторына үңіліп көп қарадым. Жидда қаласына жарты жолдай қалғанда біраз уақыт су үстімен ұштық. Төмендегі көкпеңбек, жұмбақ әлемнің сұлулығына көз тоймай қарай бердім. Ол - Қызыл теңіз екен.
Қонған жерде ондай әсемдік байқалмады. Гидтің айтуынша әуежай аймағы осындай, ал орталығы әсем қала көрінеді. Біз онда соқпай, бірден Мәдина қаласына жол тарттық.
“Жері сіздердің жаққа ұқсайды екен,-деймін абысыныма,- ағаш деген атымен жоқ, ара-тұра бір түп бұта қылтияды, 7 сағат жол жүргенде бір-екі рет жайылып жүрген бірен-саран түйе, жерден бастарын алмай түртінектеп жүрген шағын отар көзге түсті…
Жердің көптен нәрленбей, сусап жатқанын оның жасыл өскіні кем даласынан, топырағы сарғыш, кейде күл түстес тастақты жерінен байқауға болады. Мәдинадан Меккеге дейін 7 сағат жол жүргенде бір көл не өзен көзге түспеді. Сірә, бұрын өзен болған, бірақ арнасы кеуіп қалған жерлер кездесті.
Жидда қаласында да, Мәдина мен Меккеде де жасыл желек көп емес. Жидда әуежайы маңындағы, Мединаға баратын жолдағы пальма ағаштарының жартылай қурап, жасыл түсті жапырақтары тек ұшар басында қалғаны бұл ағашты ертегі елінде өседі, жайқалып тұрады деп ойлайтын адамға біртүрлі әсер етеді екен.
Сондықтан Мединада, Мұхаммед пайғамбар еккен бақта жасыл пальмаларды көріп, қуанып қалдық.
Пальма ағашы адамға ұқсайтын өсімдік деді гид. Оның да аталық, аналығы болады екен. Жаңа өскін аналық ағаштың діңінде томпайып пайда болады. Ана сәбиін 1-2 жасқа дейін емізетін болса, бұл ағаштың жас өскінін де аналық ағаштың жанына, 1-2 метрден қашықтатпай отырғызу керек. Олай етпеген жағдайда жас шыбық өліп қалады екен.
Пальма ағашы адамға ұқсайтын өсімдік деді гид. Оның да аталық, аналығы болады екен. Жаңа өскін аналық ағаштың діңінде томпайып пайда болады. Ана сәбиін 1-2 жасқа дейін емізетін болса, бұл ағаштың жас өскінін де аналық ағаштың жанына, 1-2 метрден қашықтатпай отырғызу керек. Олай етпеген жағдайда жас шыбық өліп қалады екен.
Аналық ағаштың 40 жылдай өнім беретінін, өмір сүру жасы 60-80 жас аралығында екендігі де адам өміріне келеді. “Неткен ұқсастық!” деп таңдандық.
Сауд арабиясы дегенде шөл мен шөлейт көзге елестейтін. Үш қаланың арасындағы жолдан байқағанымыз - тастақты жері де көп екен. Үлкен-үлкен қойтастар өте көп - аспаннан тас жаңбыр жауғандай әсер қалдырады. “Қойтас” дегеніміз тым кішірейту сияқты, түйедей тастар да өте көп.
Жол бойындағы таулары біздің тауларға мүлде ұқсамайды. Бізде етегінен бастап белортасынан асқанша жасыл шалғынға малынып жатса, мұнда тап-тақыр тастақтар. Алатау мен Қаратаудағы, Бурабай мен Баянауылдағы тастардың арасынан жарып шығып, көкке ұмтылған қарағай-қайыңдарды көріп үйреніп қалған бізге мына жақтағы таулар басқаша әсер етті. Алысырақтағы тау сілемдері бұлдырай көрінді, ал жеке тұрған жолға жақын таулар біресе карьерден қазып алынған тас аралас қарақошқыл үйінділер сияқты көрінді. Біраз қашықтықтан кейін осындай картина бірнеше рет қайталанды.
Осындай сұрғылт, көңілсіз картиналардан кейін шығар, мына бір гүлдеп тұрған ағашты көргенде қуанып кеткеніміз рас!
27.12.2023 #менің_нұрлы_әлемім #Меккеге_сапар
ҚАЗАҚ ЖАМАНЫ АРАБ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ…
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеОсы сапар көп ой түйдірді; бұрыннан көкейде жүрген біраз нәрсені қайта еске түсірді. Кейіннен кеңірек тоқталып жазатын болармын, әзірше қысқа-қысқа тұжырымдарымды ортаға салмақпын.
Бала кезден Меккеге сапардың қиындығы, жауапкершілігі туралы естіп, біліп өстік. Ол замандарда қазіргідей екінің бірі бара алмайтын. Жасы келген, иманы берік, мұсылмандық шарттарды орындаған, әл-қуаты бар, қаражаты жететін… адамдар ғана жолға шығатын. Зиярат етудің барлық шарттарын орындап, “қажы” атанып қайтатын.
Ал қазір ше? Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін сонда жүр. Жарайды, қарапайым тілмен айтсақ, үлкен кісілер “біліп-білмей істеген” күнәлары үшін кешірім сұрауға барды делік. Ал туғанына 5-6 ай болған, 3-4 жасқа ғана толған сәбилерде қандай күнә бар? Намаз оқылып жатқанда шулап жылаған балалардың (сірә, оларды уақытша қалдыратын жер болуы керек) дауысынан жүрегің ауырады. Сондай-ақ, бір-бірін түрткілеп, Сафа мен Маруа тауларының арасында қуаласып ойнап жүрген 10-12 жасар балалар қандай қажы болмақ?
Қажылық сапарына туристік сипат берілуі қажылықтың қадірін түсіріп жібергендей көрінеді. Қағбаны айналудың өзіне үлкен дайындық керек екенін, әр қабырғасының қасынан өткенде, әр бұрышын айналғанда айтылатын дұғалар болатынын білмейтіндер де бар сияқты. Ондайлар кимелеп, баса-көктеп қасиетті тасқа жетуге, алақанын тигізуге ұмтылады екен.
Қазақстанның бірнеше туристік компаниясынан барған топтарды кездестірдік. Бізге қарағанда Өзбекстаннан барушылар көбірек, Қырғызстаннан азырақ сияқты. Бір-бірімізбен жылыұшырай амандасамыз. Бізде оларға қарағанда жастар көбіректеу. Бұл да - ойландыратын жай.
Біздің жастардың еліктегіш екені ол жақта да байқалды. Барып қазақстандық компанияда жұмыс істеп жүрген қыз-келіншектер қап-қара боп киініп алыпты. “Өз киімімізбен жүруге тыйым бар ма?” деп сұрадым. Жоқ екен. Сосын өзім бірнеше рет ұлттық киімімізбен жүрдім - Қағбаның қасында да ешкім ештеңе деген жоқ. Сонда біздің әйелдер неменеге қара жамылып (беті аулақ) жаманат шақырып жүр?
Жігіттеріміз де қалғысы келмейтін сияқты. Әуежайда бір бауырымыз арабтардың ақ-қызыл торшалы орамалын басына жауып, қара резеңке сияқты дөңгелекті төбесіне қойып алыпты. Өзін шейх сезініп, жан-жағына қоқилана қарағаны күлкілі көрінетінін білмейді-ау. Ұшақ Алматыға қонғанда басындағысын алып тастапды. Көпке танымал Нұрлан имам айтатындай, “духы жетпеді-ау”, сірә.