4.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Сонымен, талай адамның арманы болған Америка жеріне табан тиді. Жол жеңіл болған жоқ - мұхиттың ар жағына апаратын ұшағымыз келмей қалып, Нью-Йоркке айналма жолмен жеттік.

Қаламен танысу Grand Central Station (бейресми түрде Grand Central Station) - ең көне және әйгілі теміржол вокзалынан басталды. Ол Манхэттенде, 42-ші көше мен Парк даңғылының қиылысында орналасқан екен. Платформалар саны (44) және тарам-тарам жолдары (67) бойынша әлемдегі кез-келген станциядан үлкен деседі. 1871 жылы салынған Grand Central Dipo теміржол вокзалы 1898 жылы қайта құрылып, содан бері Үлкен Орталық станция деп аталып кеткен.

5.08.2024 #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

“Нью-Йоркке қай жерге бару керек?” деген жоспар құрғанда ең алдымен тізімге енген - әлемдегі ең үлкен және танымал кітапхана болды. Ол 1911 жылы салынған Стивен А. Шварцман атындағы жалпы жұртшылыққа арналған кітапхана. АҚШ тарихында 16 жыл бойы жобаланып, мәрмәрдан салынған ең әсем, сәулетті ғимарат болыпты.

Нью-Йорк көшелері санмен белгіленетінін білеміз ғой. Ыңғайлы сияқты көрінді. Кітапхана да 5-ші авеню мен 42-ші көшенің қиылысында, Мидтаун ауданында орналасқан. Орталық станциядан алыс емес, жаяу келдік.

Келіп-кетіп жатқандардың қарасы аса мол екен. Бұған түрлі тақырыптағы көрмелердің жиі өткізілуі де себеп болатын сияқты.

Бірнеше сурет ұсынайын - менімен бірге кіріп-шығыңыз.

5.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Бұл жаққа келер жолдан бастап қала аралап жүргенде бір нәрсе - жылаған баланың даусы аз естілетіні таң қалдырды. Жер тебініп жылап жатқан бала жоқ! Және жаппай телефонға үңілгендерді де көп көрмедім.

Келген күннің ертеңі - сенбі болатын: парктерде, көшелерде бала ерткендер көзге көбірек шалынды. Маған өте ұнаған балаларға арналған кітапханада да сол картина. “Демалыс - Америкада отбасы күні” деді бізді күтіп алған Сәуле қызым.

Природа

Балалар кітапханасында кітап сөрелері де балалардың бойына шақталып қойылған, жиһаздары да сүп-сүйкімді. Кітаптары жеп-жеңіл. Немерелерім аудармадан оқыған кітаптарының түпнұсқасын парақтап, сол жерге қойылған таныс кейіпкерлердің мүсіндерін айналшықтап шықпай біраз жүрдік.

Балаларымен бірге кітап парақтап, сурет салып отырған ата-аналарды көргенде ерексіз сүйсінесің. “Бізде қалай екен? Елге оралған соң барып, көру керек екен” деген ой келді…

6.08.2024 #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Нью-Йоркке келіп тұрып, 1,5 сағаттық жердегі мұхитқа бармай кетуге болмайды, әрине. Тіпті, осы жаққа келуді жоспарлаған адам оны тізімнің басына қоятыны анық . Өзен-көлге шомылып, теңіздерге барып жүрген адамның мұхитты көруді армандауы түсінікті ғой. Міне, кеше сол арманым орындалды!

Күн желділеу болып, біз келгенде мұхит буырқанып, ақжал толқындарының арыны жағаға дейін басылмай, ашулана аунап жатты… Оны еле-құлаң қылған балалар жоқ, келе суға қарай тұра жүгірді. Мен де сөйттім. Бірақ… суға асығып емес, балаларға алаңдап… Керемет жүзгіш еместігім ойда жоқ , айқайлап жүгіріп келем….

Жағадағы ыстық, мап-майда құм сусып, аяғың тобыққа дейін батып, жүруді қиындатады екен. Бірақ суға жақындаған сайын тығыздалып, кәдімгідей-ақ жүру жеңілдеді. Су сұп-суық екен. Мұхитқа иіліп сәлем салдым. Беті-қолымды шайып, дәмін көрдім: Бір кесе суға бір уыс тұз салғандай…

Природа

Ұзыннан-ұзаққа созылған жағажай бірнеше ауданға (алаңға) бөлінеді екен. Бәрінде биік жерде Америка жалауы желбіреп тұр. (Жалпы, бұл жақта солай екенін байқадық). Біз кезінде “Спасатели Малибу” деген сериалдан көргендей, жағажайдағы биік орындарда құтқарушылар сақадай сай отыр. Көз алдарында шетсіз-шексіз су мен жыпырлаған демалушылар. Солардың ішінде біз де жарты күн жүрдік…

Инфрақұрылымы өте жақсы: су, шырын, балмұздақтың не түрі бар дүкендер, дәмханалар, себезгілер, көп кабиналы, тап-таза дәретхана, құмнан асфальтқа шығар жерде аяқты шаятын себезгі…

Мұхитты бір көрген адам тағы келуге тырысады дегенді естігем. Неге екенін енді ұққандаймын. Шетсіз-шексіз алып айдынның алдында титтей ғана екеніңді, басыңдағы өзің күрделі санап жүрген мәселелер де титтей екенін түсінесің. Суға түспей-ақ, толқындарына қарап отырудың өзі жаныңды жайландырып, рақатқа бөлейді…

7.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Кеше музейде болдық, ғылыми атауын Жаратыс тарихының америкалық музейі деп түсіндім (American Museum of Natural History). Бұл бағыттағы әлемдегі ең үлкен музей әрі ғылыми орталық жыл сайын 120-ға жуық далалық экспедицияны қаржыландырады екен. Музейден шыққандар таяу жердегі қаланың Орталық паркіне барып демалады.

Музей қорында өсімдіктер, жәндіктер, хайуандар, ежелгі адамдар, мәдениет артефактары мен минералдардың, т.б. құнды ескерткіштеодңң 32 миллионнан астам қалдықтары қалпына келтіріліп сақталған. Бірақ олардың аз ғана бөлігін көрсету мүмкіндігі бар.

Адам өте көп - небір ұлт өкілдері, үлкендер, ересектер бастаған балалар топ-тобымен жүргеніне қуанасың. Өйткені оларды қызықтыратын нәрселер көп-ақ. Бала түгіл өзіміз де біраз мәліметке қанығып, “Білетінім бір тоғыз білмейтінім тоқсан тоғыз” деген сөзді еске түсірдік.

Природа

Балалар мен ересектердің музейді бірге аралауы оңай еместігіне көз жетті . Балалар кірген бойда таңырқап, көргенін қазбалап сұрап, қызыққан жерін он айналып шықпайды. Ал 2-3 сағаттан соң шаршап, “қайтайық” деп, қыңқылдай бастайды. Ал үлкендер асықпай қарап, экспонаттың тарихына үңіліп, ерекшеліктерін бір-бірімізге айтып рахаттанамыз емес пе?

Орасан үлкен музейдің 1-ші қабатында балалар әйнек астындағы маса, қоңыз, инелік… тағы көптеген жыбырлаған жәндіктерге үңіліп, оларға біз қосылып, табиғаттың талай тылсымын көрдік. Өзін үш орайтын жапырақты сүйретіп бара жатқан құмырсқаға сәбилер Олимпиада чемпионын көргендей қол шапалақтайды.

Сабағына ілініп тұрған жапырақ қимылдағанға қарасам - міне, ғажап, жапырақтан айнымайтын жәндік екен, еш ажырата алмайсың! Өзін қорғаудың керемет амалы ғой. Тамаша!

Путешествие

Музейлерге барып жүріп талай рет диорамаларды көргенбіз. Жай қоя салған экспонатқа қарағанда олар адамға кәдімгідей шынайы табиғат аясында не іс-әрекет жағдайында жүргендей әсер етеді. Бұл музейде тамаша дәстүр қалыптасқан екен: кейбір көрнекті диорамалар белгілі тұлғалардың қолдауымен жасалыпты. Аты-жөндері сол жерде алтын әріптермен жазылып тұр!

Игі іспен атын қалдырғысы келгендерге құлаққағыс! Бізде де музейлер осы тәжірибені жаппай енгізсе ғой!!!

Экологияға қатысты залда Арал теңізіндегі апат туралы ақпаратты көрдік. Жүрегің сыздайды екен…

Балаларға ең қатты ұнағаны - мұз дәуіріне қатысты экспонаттар. Мен үшін бәрі динозавр болса, немерем #Мадияр олардың неше атасын тізіп, жыртқыш, сүт қоректі, қанатты, тұяқты… деп, судыратып айтып жүр. Сүйікті “жануарының” қасына тұрып суретке түсті. Бала дейміз, ал кей жағдайда олармен тізгін қағыстыра да алмаймыз, ә?

7.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Ауызекі тілде «Метропо́литен-музей» деп аталатын бұл музей — әлемдегі ең ірі және адамдар көп баратын мәдени орда. Көне мәдени ошақ 1870 жылы ашылған, Нью-Йорктің нақ орталығында тұр. 2018 жылдан бері қала тұрғындары үшін кіру тегін, ал сырттан келгендер үшін билет құны 30$. Бірақ келушілер бұған қарамайтыны көрініп тұр. Жастар, оқушылар, тіпті бастауыштың шәкірттері көп. Шетелдік топтар да жиі ұшырасты.

Айтқандай, мына ақпарат артық болмас: музейге метромен келсеңіз билетіңіз 2,90$ тұрады, ал автобус жолақысы қымбатырақ - 7$. (Біздегі бағамен салыстырғанда, ішің удай ашиды, иә? ).

Аралауды бірінші қабаттағы Египетке арналған залдан бастадық. “Ежелгі дүние тарихындағы” суреттер алдымыздан шыға келді: тас табыттар, мумиялар… сол заманда анау зілдей ауыр гранит тастарды қалай қашап, өрнек салды екен?

Дорога

“Қыздың көзі - қызылда” деген рас . Немерем #Мерей екеуміз әйелдердің сәндік бұйымдарын біраз жағаладық - неткен әдемі?! Сүйретпе аяқкиім бізге сол заманнан келіпті-ау! Айырмашылығы алтыннан жасалғанында ғана.

Аппақ сәнді киімді ер адам мен әйел адамның қатар тұрған мүсіндерін көргенде: “үйлену тойы сияқты екен” дедім. “Қайдағы, мама, - деді қызым, - билеушісі өлгенде әйелін, құлын, күңін, атын өлтіріп бірге көмген ғой. Анау артында тұрған тастабытқа салған.” Біртүрлі екен олары…

Қашанда өзімізге қатысты нәрсені іздеп жүреміз ғой. Ойламаған жерден КҮБІ көзіме оттай басылды. Бірақ сипаттамасында бізге қатысты бір ауыз сөз жоқ…

Әрине, мұндай музейді 7-8 сағатта аралап шығу мүмкін емес. Әрі балалар да шаршап, жалығып, музей ішінде қуаласпақ ойнай бастады. Қолдан келгені - екеуін қабырғада «отырған» екі маймылдың астына тұрғызып қойып, суретке түсіріп алдым. “Ақылдары кіргенде” өздеріне көрсетіп, “музейде тура мына екеуі сияқты болдыңдар” деп ұялтам ба деген ойым ғой…

8.08.2024 #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

ЖАҚСЫ ЫРЫМ

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Кешегі күн мектептегі қайталау сабағы сияқты болды. Жаратылыс тарихы музейіне алғашқы “жорығымызда” уақыт жетпей, “белгілеп” кеткен жерлерімізге қайта бардық. Әлемнің, адамның пайда болуына, өркениеттің дамуына, экологияға қатысты тақырыпты арқау еткен әрі ғылыми, әрі әсерлі фильмдерді көріп, залдарды араладық. Балалар көп нәрсені біліп қана қоймай, керемет әсер алды.

Бір байқағаным - осындағы этностар өкілдері ме, әлде өз елдерінен әдейі ұйымдасып сапарлай ма, шағын топ болып келеді екен. Сондай-ақ, қара нәсілді әйелдер ақ нәсілді балаларды жетектеп жүр. Тіпті балалар арбасына екі нәсілді баланы отырғызып алып, залдан залға өтіп жүргендерді де көрдім. Балалар түк ұқпайды ғой, өздерінің өресін кеңейтіп жүргені түсінікті…

Природа

Балаларды сергітіп, ерекше қуанышқа бөлеген жер көбелектер оранжереясы болды. Ұшып-қонып жүрген мың бояулы, үлкенді-кішілі көбелекке бала да, ересек адам да таңдана қарап, қонса екен деп қолдарын созады. Ал қона қалса, аса бір қасиетті нәрсе, ғажайып қонғандай - қалт тұра қалады.

Бесеуміздің ішімізден ғажайып көбелектер Макажан Шайкен мен Meruyert Almanova Shaiken екеуін таңдады. Түстері де бірдей, қанаттарының үлкендігі менің қос алақанымдай екі көбелек біреуінің кеудесіне, екіншісінің балағына барып жайғасты. Ұшпай ұзақ отырды.

Мұны мен тылсым табиғат сый жасағысы келгені деп ұқтым. “Бақ қонды” дей бердім жақсы ырымға балап - кеше балаларымның отау құрғанына 15 жыл толған еді….

10.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

МҰХИТ АСЫП ОҚЫП ЖҮР ТАЛАЙ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ…

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

Әр баламның өсіп-жетілуіне қарай олардың жолдастарымен жақсы араластым. Әлі де солай. Қызмет барысында да жастардың арасында көп жүрген, олармен көп сырласқан, аға-дос болған жан ретінде халқымыздың “Ақыл - жастан, асыл - тастан” дегенді бекер айтпағанына талай рет көз жетті. Солардың кейбір мысалын осы сапарда да көрдім.

Дорога

Америка - білімдіге жол ашар ел. Содан да болар көкейінде қызық көріп қайту емес, оқу, ғылымға бойлау бар жастардың осы жақтың университеттерін таңдайтыны. Бір ғана Бостонда 30 жоғары оқу орны бар екен. Сонда магистратурада оқып жатқан Жалын есімді жігітті осында кездестірдік. Баламызды өз оқу орнындағы студент-жастар өз көшбасшысы етіп сайлапты.

Тағы бір баламыз - Санат Шапашов Нью-Йорктегі кино академиясының магистратурасын бітіріп жатыр екен. Бір қауым ел болып, диплом алу салтанатына қатыстық.

Ал кешке осында БҰҰ-да қызмет ететін Сәуле қызымның отбасында кішігірім той жасап тастадық.

10.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Әйнектен салынған үйдің сатылы шатырларында жайқалып өсіп тұрған ағаштарды суретке түсірдім.

Кім тағы не көрді?

Путешествие

11.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

“Сынықтан басқаның бәрі жұғады” деген рас-ау .

Шаршаған соң немерем екеуміз кез келген жерге отыра кететін америкалықтар бола қалдық.

Путешествие

11.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Манхеттенде орналасқан заманауи өнер музейін мұнда МоМА дейді екен (Museum of Modern Art, MoMA). Оны бұдан бір ғасырға жуық (1929 ж) құрылып, осы салада әлемдегі алғашқы және осындай мәдени ошақтарға үлгі болған танымал музей деп мақтан етеді.

5 қабатында түрлі тақырыптық залдар бар, адамдардың басым көпшілігі аты әйгілі суретшілердің туындылары қойылған залға ұмтылады екен. Біз де сөйттік.

Есімдерін кітаптардан оқыған суретшілердің бізге белгілі/белгісіз еңбектерін көзімізбен көрдік. Кейбіреуінің алдына жұмсақ (скамейка сияқты) ұзынша орындықтар қойылған. Сірә, асықпай отырып қарасын дегені болар.

Винсент ван Гогтың “Жұлдызды түн” деген туындысының алды жыпырлаған адам;

Сальвадор Далидың жұрт назарын аударған еңбегі “Постоянство памяти” деп аталыпты, қарап тұрып “Жалғыздық” деп атаса болар еді деген ой келді ;

Қызым Пабло Пикассоның туындыларын ұнатады - шыға алмай, айналшықтап көп жүрді. Маған онша ұнай қоймайтын - талғамға талас жоқ…

Путешествие

Айтқандай, “Қара квадратымен” танымал Каземир Малевичтің “қызыл”, “ақ” квадраттары бар екен… Осында тұр. Өнер деген сырын ішіне бүккен бір тұңғиық қой, осы квадраттарға алыстан да, жақыннан да қарадым - ешқандай әсер алмадым. Әсерленетін адамдар басқа “материалдардан” жаралған болар деп қойдым.

Біздің музейлерге жорықтарымыздан жалыққан кішкентай немерем үйде қалған. Алматыдағы қызыма “Мадияр бойкот жариялады” десем, “Мен де жариялар едім” деп күледі. Келісемін. Көргені, білгені дұрыс (енді қашан келеді?) әрине, бірақ мұндай саяхаттарда бәрібір ересектер мен балалардың “бағдарламалары” кезектесіп отыруы керек екен.

Енді балалар қуанатын аттракцион, саяхаттарға бет бұрдық…

Природа

12.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

Нью-Йоркке келгендер соқпай кетпейтін бір жер бар - ғасыр басында, 11 қыркүйекте қастандық жасалып, күл-талқаны шыққан сауда орталығы, ел “егіздер” дейтін қос ғимараттың орны.

Қазір ондағы ескерткіштің түсі сол трагедияны еске түсіреді: қара граниттен төрт бұрышты шұңқыр жасалып, адамдардың аты-жөндері жазылған…

12.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Жексенбіде тағы да мұхитқа бардық. Бұл жолы адам қарасы мол екен. Күн ашық, желсіз болған соң су да тыныш шығар деп ойлағам. Қайда?! Алып толқындар бір-бірін өршелене қуалап, жағаға ақ көбіктеніп жетіп жатыр.

Балалар тұра жүгіріп, суға қойып кетіп жатыр. Шіркіндердің бұл Есіл өзені емес, мұхит екені ойларына кіріп те шықпайтын сияқты - жағаға асыққан толқындармен жарысып мәз.

Ал толқындар өткен демалыстағыдан да биік. Екпіндері де қатты - бейқам кіре берген мені жалпамнан түсірді! Тұзды суын бір ұрттатып, жер таяндырып барып тұрғызды. Өткендегідей сәлем салмадың деп шамданып қалды ма екен, әлде?!

Природа

Ес жиып, екінші рет талпына бергенім сол еді - ақ көбіктеніп бұрқ-сарқ етіп келе жатқан ашулы толқын екпінімен алып ұрып, қаңғалақтатып, жағаға лақтырып тастады. Ал керек болса!

Кәдімгідей бетім қайтып қалды… Енді міне, ара-тұра тізеден асатын жерге ғана барып, беті-қолымды шайып, сосын… жағада, балалардың суда асыр салып ойнағанын қарааап отырмын…

Балаларды толқындар неге мен сияқты жағаға лақтырмайды десем, олар “әдісін” біледі екен. Ақыл - жастан” деген осы-ау! Екеуі аунақшып келе жатқан толқындарды “алдауды” үйреніп алыпты. #Мерей толқын келген кезде секіріп, өткізіп жібереді, ал #Мадияр сүңгіп кетеді екен!

Таңқалып әрі сүйсініп жағада, балалардың суда асыр салып ойнағанын қарааап отырмын…

Путешествие

Адам өте көп, ал жағажайда артық жатқан қоқыс, тіпті темекінің тұқылы да жоқ. Әркім арнайы қапшықтар ала барып, өзімен бірге ала кетеді екен. Үлкен-үлкен шағалалар анадайда ойқастап жүреді - бұл жерден ештеңе таппайтынын біледі-ау…

Бір қызығы - жағажайға келе жатқан жолда әр бағанның басында қонақтап отырған шағалаларды көрдік. Бізде қыста “Ботаникалық бақта” құстардың осылай отыратынын “жылынып отырған шығар” деп ойлайтынмын. Мыналар неге отыр екен? Қайтар жолда да сол картина қайталанды.

Айтқандай, мұхиттың аласұрған толқындарынан тақтайшасымен асып, сырғанап жүрген бір жүрекжұтқан назарымды аударды. Суретін салдым.

13.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

Нью-Йоркке жиналғанда “Туымызды апару керек” деп, іздей бастағам. Табылып та еді. Қызым Meruyert Almanova Shaiken “өзіміздікі болуы керек” деп сатып алды. Сонысы дұрыс болды.

Міне, “Арқамда елім тұр!” деген сурет

Путешествие

13.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Дорога
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

“Америка” десе, оның жолақты-жұлдызды туы мен басында тәжі бар әйел бейнесіндегі статуя ойға оралады. Осында аяқ басқан адам ескерткіш тұрған аралға баруды жоспарына қосады. Айтқандай, ол ескерткішті бізде біресе “Бостандық”, біресе “Азаттық” статуясы деп жазады екен…

Аралға қаладан 30-40 минут сайын кемелер қатынайды. Әрқайсысына кем дегенде мың жарым-екі мыңдай адам сияды. Соның өзінде 1-1,5 сағат кезекте тұрасың. Билетті сайттан да, кассадан да сатып алуға болады.

Мүсінді жасау туралы ойды француз мүсіншісі Ф.А. Бартольди 1871 жылы ұсынған дейді аудио-гид. Ол ескі бекініс үстінде алау көтерген әйел бейнесінде болады және «Әлемді сәулелендірген азаттық» деп аталуға тиіс депті.

Природа

Әйелдің бет-бейнесіне мүсінші анасы Шарлотта Бартольдидің бейнесін алыпты.

Мүсіннің биіктігі 46.5 м, тұғыры 46.94 м, жалпы салмағы 225 т. Әйел мүсінінің басына 7 шабағы бар тәж кигізілген, ол 7 теңіз бен 7 құрлыққа жарқырап төгілген сәулені білдіреді, оң қолына алау көтерген, сол қолында заңдар кітабы бар, ол кітапта АҚШ-тың тәуелсіздік күні жазылған.

Мүсін тұғырының ішінде АҚШ-қа иммигранттардың келу тарихы және ескерткіштің туралы мәліметтер беретін мұражай бар.

15.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Ниагара сарқырамасы - күндіз бөлек, түнде бөлек бір әлем. Келген қызықтаушылардың жүздерінен бір әдемі нұрды, мейірімді байқайсың - сірә, табиғат ғажабының әсері болар.

Аумақ ішінде әр 15 минут сайын сарқыраманы әр қырынан көрсететін 2 вагонды автобус жүріп тұрады; Қалаған адамдар шағын кемеге мініп, сарқырамаға тақап жүзіп бара алады; Күн сайын кешкі 10-да фейерверк атады.

Өзен екі мемлекеттің шекарасында ағатындықтан, Канада жақ бергі жағадағы, Америка жақ арғы жағадағы сарқырамаға түрлі-түсті жарық түсіріп, түнгі шоу жасайтыны да тамаша!

Гид сарқырама жөнінде біраз ақпарат айтты: Ниагараны декорацияға пайдаланған бірнеше фильм түсіріліпті. Олар: Мэрилин Монро және Джозеф Коттен қатысқан "Niagara", "Superman II" (1980), "Ниагара: Ғажайыптар, мифтер және магия", "Кариб теңізінің қарақшылары" фильмдері және т.б.

Природа

Ниагара сарқырамасының төменгі жағынан көрінетін қоңыр түс құлаған бірнеше тонна судың салдарынан көтерілген топырақтың әсерінен екен.

"Ниагара" атауының шығуына байланысты ғалымдар арасында бірнеше тұжырым бар. Солардың бірі жергілікті тайпалардың "Ongniaahra" деген сөзінен шыққан дейді. Бұл сөз "Жердің екіге бөлінген нүктесі" деген мағынаны береді.

Және бір ақпарат ұнамады:

Табиғи эрозия салдарынан сарқырама жыл сайын бір футқа аласарып баратыны туралы. Бұл 50 жылдан соң, сарқырама жойылады деген болжам жасауға негіз болып отыр екен.

Өкінішті, әрине, бірақ табиғаттың құдіретіне кім қарсы тұра алады?

Немерем Мерейге: “сен менің жасымда қайта келетін болсаң, мүлде басқа картинаны көретін боласың. Сарқыраманы мынадай ғажайып күйінде көргенің қандай жақсы болды!” дедім.

15.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

“Oculus” сауда орталығы - Нью-Йорктің сәулетіне сән қосқан әдемі ғимараттардың бірі. 11 қыркүйекте қастандықпен күл-талқаны шыққан Дүниежүзілік сауда орталығының тұрған жеріне жақын орналасқан. Атауын естігенімде “акула” деген сөзден алынған шығар деп ойлағам. Сырт пішіні де балықтың қаңқасына келіп тұрған соң солай тон пішкен болуым керек.

Орталықтың жер үстіндегі қабаттарынан астындағы қабаттары көбірек екен. Және тарам-тарам жолдар тарайтын метро станциясы да бар.

“Oculus” деген сауда орталығына таяу жерде бұқаның мүсіні қойылған екен - екі жағынан ұзыннан-ұзақ кезек тұр. Бір кезектегілер - бұқаның мүйізінен ұстап суретке түскісі келетіндер; екінші кезектегілер - бұқаның бұтының арасына қолдарын тығып… суретке түскісі келетіндер.

Әр адамның өз түсінігі, ырымы бар шығар деп ойладық та қойдық

15.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

АҚШ-қа жолға шығарда қызым қайда барғым келетінін сұрады. “Мұхитқа, Азаттық мүсініне және Ниагара сарқырамасына” дедім. Сөйтіп, балалардың жоспарына менен 3-тармақ қосылды.

Америка мен Канаданың шекарасындағы атақты сарқыраманы көру үшін бүгін 9 сағат жол жүріп, жаңа ғана отельге кірдік.

Бір қарт әжейдің “дөңгелекті шабаданды ойлап тапқан адамға рахмет” дегенін естіп едім. Бүгін бөтен елде бір де бір мүлт кетірмей, межелі жерімізге алып келген 2-ГИС-тің атасына мен де рахмет айтып отырмын.

Жасыл желек көмкерген жол тамаша екен, бір рет тоқтап өзіміз де, көлігіміз де “қуаттанып” алдық. Келе жатқанда балалар әке-шешесін алаңдатпауы әрі іштері пыспауы үшін түрлі амал жасадық, қазақша-ағылшынша сөздерді жасырып ойнадық. Арасында Ниагара сарқырамасы туралы әңгімелеп бердім.

Природа

Мектепте оқығанымызда мұғаліміміз әлемдегі ең биіктен құлайтын сарқырама Оңтүстік Африкадағы Замбези өзеніндегі ені – шамамен 1800 метр, биіктігі – 120 метр Виктория, ал суы мол сарқырама (биіктігі 100 метрге жуық) Ниагара деп еді. Одан бері жағдай өзгерді ме, жоқ па, білмедім.

Ашық дереккөздерде қызық фактілер баршылық. Мысалы, сарқырамадан құлаған балықтардың 90%-ы тірі қалады екен.

Әр жыл сайын сарқыраманы тамашалауға 25 миллион турист келеді дейді. Солардың ішінде біз бесеуміз де бармыз

Путешествие

16.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

Вашингтон. Таңғы 7-де қоңырау даусынан ояндым. Кеше біз тоқтаған қонақ үйдің қасынан бір шіркеуді көргенім есіме түсті…

Балалар ұйықтап жатыр. Ниагарадан шыққалы 11 сағаттық жол соғып тастаған болар.

Біздің бөлменің терезесінен қарағандағы көрініс. Жай ғана қаланың жай ғана көшесі сияқты.

Сіздерге алып мемлекет астанасынан таңғы сәлем жолдайын дедім. Сосын жолымыз туралы жазам.

16.08.2024 #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Балалар ұйықтап жатыр - шаршаған ғой. Тоқтамай жарты күндік жолда жүру оңай ма?

Ғажайып Ниагараға таңертең тағы барып, сүйсініп, қоштасып, сапарымызды жалғастырдық. Ендігі бағыт - Вашингтон.

Кейбір мемлекетте астанасы танымалдығы жағынан ірі монополисінің көлеңкесінде қалып қояды. Швейцарияда Бернге қарағанда Женева, Түркияда Анкараға қарағанда Стамбул көлемі, мәдени-тарихи-туристік әлеуеті жағынан да бәсі биік. АҚШ астанасы Вашингтон да Нью-Йорктан шағын, саяси-әкімшілік орталық, негізінен Ақ үй, Капитолий арқылы танымал қала.

Ниагарадан сағат таңғы 11-де шығып, кешкі 9-дан өте діттеген жерімізге жеттік. Жолдары тамаша екен. Автобан, тез жүрдік, жылдамдықты ешкім шектеген жоқ. Бізден озып кетіп жатқандар да қаншама!

Природа

Жолдың екі жағы қалың орман, ашық алаңқайлар жап-жасыл, кілемдей құлпырып жатыр. Әдейі қарап отырдым - шөбі өсіп кеткен немесе қурап жатқан бір жер кездеспеді. 100-200 шақырым болса “онда тұрған не бар?” деуге болар еді. Біз 10 сағаттан аса жүрдік қой!

Май құюға тоқтаған жерлерде айналамды шоламын - тап-таза, босаған пластик құты, темекінің тұқылы, пакет… еш нәрсе жоқ. Өткен-кеткендер сұрыптаған қоқыстарын жәшіктерге салып кетіп жатыр. Бізде қашан сондай болар екен?!

Жол бойы ағылған машина. Мұнда да реферижаторлар өте көп. Бірақ біздегідей шолақ тұмсықты емес, өзгеше. Бала кезден көзіміз үйренген капоты бар машиналар. Көбі су жаңа. Бұл жақта көлікті арса-арсасы шыққанша мінбейтін сияқты, әйтеуір ескі машина көзге түспеді.

Путешествие

Көп көліктің шуы мен газынан қорғау үшін болар, көп жерде жолдың екі жағына биік қабырға салынған екен.

Күн батареясы орнатылған алаңқайлар жиі ұшырасты, биік төбелер басында жел диірмендер баяу дөңгелеп тұр. “Әже, қараңыз, тағы вентилятор!” деді немерем.

Тағы бір байқағаным - зираттар. Олар да біздегіге ұқсамайды. Қоршалмаған жап-жасыл алаңқайларда қатарластырыла тізілген тас тақтайшалар тұр… Крест түрінде жасалғандар да бар, ал бір алаңқайда жүз қаралы кішкентай америкалық жалаушалар желбіреп тұрды.

Зираттарды суретке түсірмедім.

Шаршадық. Қонақүйге орналаса салысымен құлай кеттік

18.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Дорога
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

Бұрын көлікпен алыс жолға шығуға жүрексінетінмін. 4-5 сағатқа ғана шыдаймын-ау деп ойлаушы едім. Сол ойымның жаңсақ екеніне көзімді жеткізген Жомарт Түбекбаев інім. Былтыр ол #AMANGELDI_150” экспедициясын ұйымдастырып, Сарыарқа даласын 5 күн шарлап, 2,5 мың шақырымға жуық жол жүрген едік. Сөйтсем, адам өз организмінің мүмкіндіктерін білмейді екен ғой.

Міне, осы жолы да Нью-Йорктен Ниагараға 9 сағат, Ниагарадан Вашингтонға 11 сағат, Вашингтоннан Принстонға соғып, 7 сағат жүріп, Нью-Йоркке жеттік.

Теңіз үстінен салынған ғажайып көпірді көргенде адамның мүмкіндігіне таң қалдым. Ал теңіз жағалай орналасқан шағын қала, елді мекендерде әр үйдің ауласында шағын қайықтар “гаражын” көрдік. Бұл жақтағылардың кәсіптері сумен байланысты екені көрініп тұр.

Природа

Немерелерім де ұзақ жолда қыңқылдап, мазаны алған жоқ. Радиодан берілген әндерге қосылды, ойын ойнадық. Кешке қарай шаршады, белсенділіктері азайды.

“Қане, өткендегі өлеңді айтайықшы: Бас бармақ, балалы үйрек…” дедім тыныш отырмай. “Оййй, әжеее…”, - деді #Мадияр ықылассыз… Өзі есінеп отыр. “Бас бармақ, бешбармақ, бауырсақ…”

Біз ду күлдік.

Үйге кірген бойда тез-тез қамыр ашытып, бауырсақ пісірдім…

18.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Вашингтондағы Ұлттық алаңға келген адамның бәрі соқпай кетпейтін жер - Авраам Линкольн кешені ме дедім. Ол — АҚШ-тың 16-шы Президенті (1861-1865), әлем оны америкалық құлдарды азат етуші ретінде біледі.

Келіп жатқан халық санында шек жоқ және тап осы жерде балаларға жаттататын “ақпыз, қара, сарымыз” деген өлең жолдары ойға оралады. Кешенге ұзақ жүріп, еңбек сіңіріп жетесіз. Биік жерге орналасқан еңселі әрі орасан үлкен ғимаратқа кіру үшін баспалдақтармен көтерілесіз. Бұл Америка халқының ұлттық батырының тұлғасын одан әрі асқақтата түсетін сияқты.

А.Линкольннің ескерткішіне төменнен төбеге қарағандай (бізде “шалқайғанда шәпкің түседі” дейтіндей) қарайды екенсің. Мүсінін биік “таққа”отырғызу арқылы америкалықтар оған деген құрметін білдіргісі келген болар?

Қарап тұрып, осындай “тақта” отырған ескерткішті бұрын екі жерден көргенім ойға оралды. Біреуі Ұланбатырда Ұлттық сарайда; екіншісі елордадағы Ұлттық музейде отырған еді. Естеріңізде ме?

Природа

Кешеннің бір қанатында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Ол жағын қоршап қойып, техникасы тарс-тұрс, гүж-гүж етіп жұмыс жүріп жатты. Жұрт оны елең-құлаң етпей, басты мақсаттары - адамды нәсіліне қарап кемсітуге қарсы шыққан ұлы тұлғаның ескерткіші тұрған зәулім залға кіріп-шығып жатты.

Осы биік жерден қарағанда Вашингтон монументі мен Капитолий жақсы көрінеді екен.

Вашингтон монументі мен Линкольн мемориалының арасында екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға арналған кешен бар екен. Дөңгелене жасалған кешенде Американың әр штатының атауы жазылған бағанша мен металдан құйылған гүлдесте сол жердее аттанып, соғысқа қатысқан адамдарға құрмет деп ұқтық.

Әр жерде белгілі тұлғалардың соғыс, жеңіс, қаһармандық туралы сөздері жазылған. Соның біреуі әйелдерге қатысты екен. Қызым “Соғыстағы әйелдер - әйел емес, азаматтар, олар бар қиындықты ер адамдармен бірдей көтерді” деген сөздер деді.

18.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Дорога
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

Вашингтон салыстырмалы түрде шағын қала болғандықтан, көреміз деген жерлерге жаяу бардық. Әрине, Ақ үйден бастадық. 2007 жылы кіші қызым - Ақеркем осында оқып жүргенде, ауласының ішінде түскен суретін еске алып, біз де кіреміз бе деп ойлағанбыз. (Сондай ақылы қызметі болған). Тәртіп өзгеріпті.

Биік темір шарбақтың сыртынан қарадық. Шап-шағын, екі қабатты ғимаратқа қарап, өзіміздің асқақтаған Ақордамызды ойлап тұрғам. “Ой, әже, біздің Ақорда бұдан әлдеқайда әдемі, иә?” - деді сол сәтте немерем Мадияр. Өз елінің ғимаратын мақтана салыстырып тұрғанына сүйсіне, әрі ойымды тап басқанына мәз бола қарадым.

Природа

Фразеогизмдер сөздігімдегі “Устами младенца глаголет истина” деген тіркес ойыма оралды. Қазақшасын кім айтады? Сол сөздігімді сыйға тартам.

Әрі қарай анадайдан “мен мұндалап” тұрған Вашингтон монументіне беттедік. Ол - Америка астанасындағы көз тартар көрікті жер Ұлттық алаңда орналасқан, АҚШ-тың алғашқы президенті Джордж Вашингтонның құрметіне қойылған монумент. Өте биік (шамамен 170 м) әрі аса ауыр (91 мың тонна) деген ақпарат бар. Құрылысы 1848 жылы басталып, 1884 жылы аяқталған екен. “Е-е, “сақалды” құрылыстар тек бізде ғана емес екен-ау” деп ойладым.

Путешествие

Әрлеу, безендіру, айналасын абаттандыру жұмыстары толық біткен соң монумент 1888 жылы 9 қазанда ресми түрде ашылады. Бұл монументтің Эйфель мұнарасы салынғанға дейін бес жыл бойы “әлемдегі ең биік құрылыс” деген атағы болған екен. Монументтің басына 896 баспалдақ арқылы немесе лифт арқылы көтерілуге болады.

Монументтің шығыс жағында латынша («Құдайға мадақ») деп жазылған. Айналасында АҚШ жалаулары желбіреп тұр.

Алаңқайда көк туымызды ұстап суретке түсіп жатыр едік, өтіп бара жатқан бір топтағылар қол бұлғап, “О, Казакистан!” деп өз тілдерінде бірдеңелер айтып жатты. “Біздің елді мақтап жатыр” деді олармен тілдескен қызым.

Шет жерде туың арқылы танып, мақтау есту қандай ғажап!

18.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

“Дініне берік” деген сөз бар ғой, тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да қолданылады. Таяуда Байбота Қошым-Ноғай_дың сүннет туралы жазбасын оқып, аяғында күліп алдым. Біздегі “дінге беріктер” өздеріне ыңғайлы жағын сүннет қылып, ыңғайсыз болса, “өткізе” салатынын әдемі әжуалапты… Кешегі жолда сол жазбаны еске түсірген жай болды.

Дорога

Жастар оқыды ма, жоқ па білмеймін, бірақ менің замандастарыма, әсіресе, біз қатарлы қаламгерлер мен журналистерге, 1980 жылдары “Комсомольская правда” газетінде жарияланған В.Песковтың “Таежный тупик” деген мақалалар циклы қатты әсер еткен. Өз дініне берік болуы үшін өркениеттен қашқан Лыковтар туралы. Аяғы өкінішті… Бұл мысалымды осы фейсбуктегі Нұртөре Жүсіп, Еркін Қыдыр, Назипа Шанаи, Азамат Есенжол, #Зейнехан_Күзекова, Орис Яшкурова, Анар Төлеухан, Заря Жуманова, Гарфолла Анес, Рахима Нуриден, т.б. іні-сіңлі, достарым растайтынына сенем.

Осы сапарда біз сондай бір қауымдастық - Амиштер мекендейтін жерлерден өттік. Сырт қарағанда кәдімгі елді мекендер, айналасында жүгері, күнбағыс алқаптары бар. Бірақ тұрмыс-тіршіліктері өзгеше екен.

Природа

Ашық дереккөздерде амиштерді Солтүстік Америкадағы ескі тәртіптегі Амиш Меннонит шіркеуіне баратын христиан тобы деп түсіндіреді. #Димаш балам (Думан мен Сәуленің ұлы) олардың ұстанымы бөлек, қазіргі қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер мен технологиялық инновациялардың (электр қуаты, ұялы телефон…) көпшілігін қабылдамайды дейді.

АҚШ пен Канадада шамамен 200-250 мыңдай амиштер өмір сүреді деген статистика бар. Олар азық-түліктің көп түрін өздері өсіріп, тұтынады, дүкендерден ұн мен қант сияқты негізгі тағамдарды ғана сатып алатын көрінеді. Өсірген өнімдерін сататын дүкендері бар екен, тоқтап, қызық үшін ірімшік, сары май, жеміс-жидек сатып алдық. Үйге келген соң дәмін көрдім - сары майдың дәмі өзіміздің енді бұлғап, тұздалған майымыздай екен. Сөреде тұздалған, қақталған еттің түрлері, еті сылынып алынған сүйектер жатты.

Бір қызығы олар жұмысты жеңілдететін заманауи амалдарды қолданбайды, сиырларын қолмен сауып, егін егіп, астық орғанда да ауылшаруашылық техникаларын пайдаланудан бас тартады екен. Шынымен қызық…

Бұлардың ішінде де бірнеше ағым бар көрінеді. Біреуінде “асыра діншілдер”, енді біреуінде кейде кеңшілікпен қарау деген сияқты ұстаным бар екен (біздегі сүннет, сүннет емес деушілердей).

Ашық дереккөзден кейбір ағымға жататындарда діни ұстанымнан ауытқушылық қатты жазаланатынын оқыдым. Мысалы, баласы телефон ұстаса немесе кәмелет жасына толмай автомобиль руліне отырса, әке-шешесі қауымдастықтан қуылады екен. Яғни, баласы үшін ата-ана жауапты.

Ескерту: ол жерде суретке түсірмедім. Мына суреттер интернеттен алынды.

20.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

Кеше балалардың күні болды - Нью-Йорктегі ең үлкен аттракционға апардық. Аты да есте қаларлықтай екен - “American dream”. Кезінде “Американская мечта” деген фильм де шығып еді ғой?..

Дорога

Жарты күн жүріп, екеуі риза болып шықты. Маған да керегі сол ғой…

Кешке тағы бір қызықты көрсеттік: Централ Парк (вокзалдың) аттракционға бардық - Орталық пен Рузвельт аралын жалғайтын аспалы жолды көрдік. Алматыдағы Көктөбеге баратын жол сияқты. Ерекшелігі - түскен жеріңнен тағы билет алып, келесі есігі жаққа өтіп, кері қайтасың. Біздегідей қыдырып жүрмейсің. 15 минут сайын әрі-бері қатынайтын вагонның бір ғана мақсаты - қаланы құс ұшар биіктен көрсету.

Көрініс ғажап екені рас.

Америкалықтар еліне қызықтырудың небір амалдарын тапқан ғой!

21.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

“Ұлытауға бардың ба,

Ұлар құсты көрдің бе?”

демекші, Нью-Йоркке барған адамның “Таймс-скверге” (Times Square) соғып-соқпауы оның қала атмосферасын толықтай түсінуі үшін керек деген ұғым қалыптасқан. Ол - Манхэттеннің нақ ортасында Бродвей мен 7-ші авенюдің қиылысында орналасқан алаң. Театр кварталы деп те аталады.

Алаңға барудың сәті кеше түсті. “Жығылған күреске тоймайды” деген ғой, түнгі қыдырудың қызығына түскен біз аспалы жолмен Рузвельт аралына барып қайтқан соң Таймс-скверге тартып кеттік.

Жарқ-жұрқ еткен жарнама айналаны күндізгідей жарық етіп тұр. У-шу көше. Сауда қызған - әр бұрыштан өздеріне шақырған дауыстар естіледі. Сапырылысқан халық. Бір алаңда ән айтылып жатса, келесі бір жерде қырым еті жоқ қараторы жігіттер брейк билеп жатыр. Біраз тамашаладық.

Нешетүрлі киінген (киінбеген де!) адамдарды көргенде көзім алақандай болды. “Қой, қайтайық” дедім балаларға. Олар да қарсы болған жоқ. Шағын кварталды кесіп өтіп, үйге қайттық.

21.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Барлық ірі мегеполистер сияқты Нью-Йорктің орталығы - тас пен әйнектің салтанат құрған жері. Жасыл желегі өте аз. Есесіне оны басқа қалалармен жалғастыратын асфальт жолдардың екі жағы - ну орман. Ниагараға, Вашингтонға, Бостонға барғанша солай болды. Қаланың өз ішінде де бірнеше саябақ бар екен. Демалыс күндері жұрт біз кинолардан көретіндей қыдырып, концерт көріп, ойын ойнап, тіпті, жасыл алаңқайларда жай ғана жантайып жатады.

Осындай жасыл желекті жердің үлкені - Нью-Йорктің ботаникалық бағы. Қаланың өкпесі дерсің. Үлкендігі сондай, ішінде белгілі бір бағдармен қос вагонды автобус жүреді. Әр материктен әкелінген ағаш, гүл, өсімдіктің нешебір түрі өсетін бөліктеріне аялдап, қалаған адамдар түсіп қалады.

Астананың Ботаникалық бағына кластасым #Тойындықты алғаш ертіп шыққанымда қарағай мен шыршаның түрлерін көрсетіп, өзімше “дәріс” оқып едім. Төке, мына жақта біздің түсімізге де кірмеген түрлері бар екен. Инелері бұратылып өскен, не бір түптен бірнешеуі шашырап шыққан, не ұзындығына қарыс жетпейтін, не қанат жайған бұтақтарынан жерге қарай салбыраған ине-жіптер… сан жетпейді. Келіп көрмесең болмайды .

Природа

Астананың Ботаникалық бағына кластасым #Тойындықты алғаш ертіп шыққанымда қарағай мен шыршаның түрлерін көрсетіп, өзімше “дәріс” оқып едім. Төке, мына жақта біздің түсімізге де кірмеген түрлері бар екен. Инелері бұратылып өскен, не бір түптен бірнешеуі шашырап шыққан, не ұзындығына қарыс жетпейтін, не қанат жайған бұтақтарынан жерге қарай салбыраған ине-жіптер… сан жетпейді. Келіп көрмесең болмайды .

Біздегідейлері бар болса да, бұл жақтың гүлдері де өзгеше. Көзіңді ала алмайтын небір әдемі гүлдер көп-ақ. Ең көп кездесетіні гортензия ма дедім. Нью-Йоркті еске алғанда көз алдыма қос алақанға сыймайтын аппақ гүлдер келетін болар…

22.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Бостон - АҚШ-тың Массачусетс штатының орталығы және ең көне және ірі, экономикалық, мәдени бай қалаларының бірі. Халқының 60-70 пайызын жастар құрайды екен, өйткені мұнда 30 шақты жоғары оқу орны бар. Әлемдік беделге ие әйгілі Гарвард және Массачусетс технологиялық институты (Massachusetts Institute of Technology, MIT) — университет және зерттеу орталығы солардың қатарында.

Балалар сол білім ордаларының атмосферасын сезінсін деп алып бардық. Дәліздерін аралап, өзіміз де тынысымен таныстық.

Бүгін саяхаттап келсе, ертең студенті болуды Аллам нәсіп етсін!

22.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Америкаға келгелі бері жүрген жерлеріміз бен көргеніміз, сезінгеніміз бен түйген ойларымыз туралы жазып, суреттер салып жүргенім өздеріңізге белгілі.

Сіздердің әр постқа пікір жазып, лүпіл басып, “бірге саяхаттап жүргендейміз” деп алғыс айтқандарыңыз “пайдалы іс жасап жүрмін” деп көңілімді көтере түсті. Баршаңызға көп рахмет!

Кеше “New-York garden” орталық саябақ ішіне кірісімен сол әдетпен суретке түсіріп жүріп, Астанадағы ботаникалық бақ туралы айта бергенім есіме түсіп отыр. Қайта-қайта көк шөпті, ақша бұлтты аспанды суретке түсіріп жүргенімді көріп, немерем #Мерей: “Әжем Астананы сағыныпты” деді.

Солайы - солай…

Бала бұлталақсыз сөйлейді!

23.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Дорога
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

“Қонақта болған жақсы, әрине, дегенмен, өз үйіңе ештеңе де жетпейді” деген рас. Біздің де елге қайтар уақытымыз таяп қалды.

“Ер кезегі үшке дейін” деп, мұхитқа жиналдық. Күн желкем еді, мұхитқа жақындаған сайын желдің екпіні үдей түскенін көрдік. Үйреншікті жағажайға келсек, “суға түсуге рұқсат жоқ” деген белгі тұр. 5-6 шақырым жүріп, келесі жағажайға барсақ - онда да солай. Үшінші жағажайда ғана рұқсат бар екен. Қуанып кеттік - Атлантпен дұрыстап қош айтыссақ деп едік қой…

Бұл жолы мұхит ашулы екен, кіре бергенімде-ақ мінезін көрсетті: толқынымен басып, жағаға лақтырып тастады. Тағы да, тағы да… “Жығылған күреске тоймайды” деген осы да - мұхит толқынымен соғып, құлатқан сайын, тәлтіректеп тұрып, алға аттаймын… Келесі толқын мұрттай ұшырады. Тіземді жырып алдым. Тұзды суынан көзім де удай ашып барады. Сосын “әйел әлсіздік танытса, жеңеді” деген сөз есіме түсіп, “рахмет!” деп күбірлеп, кері қайттым…

Природа

Жағада отырып, сырластым. Өзінің мені ерекше күйге бөлегенін айттым. Толқынымен соққанына еш ренжімегенімді, өмірде ондай соққыларды талай көріп, тап бүгінгідей күрескенімді, рухымды құлатпағанымды айттым. Жүрегімдегі шуақты сақтай алғанымды, барлық жаратылыс сондай болуы керек деп “ақыл айтып” қойдым. Келесі келгенімде жаймашуақ мінезбен қарсы алуын өтіндім. Соны түсінгендей түйе өркештеніп, арқырап келе жатқан толқын ақ көбікке айналып, аяғымның астына жайыла құлай салды!

Айналайын, Атлант, қош-аман бол көргенше!

23.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

АМЕРИКАДАҒЫ ҚАЗАҚТАР

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Бір дана қарт ұлына “Әр қалада үйің болсын” деп өсиет айтыпты. Өзімсініп, еркін кіре алатын үй - достың үйін айтқанын байғұс бала түсінбей, әр қалада үй салып, белшесінен қарызға батыпты…

Америкаға барғанымызда бізді қызымның осындай досы #Saule_Mektepbaeva құшақ жая қарсы алды. Сәуле қызымның қамқорлығымен үш апта бойы Нью-Йоркті аралап, Вашингтонға, Бостонға барып, ғажайып Ниагараны көрдік. Ең бастысы - Атлант мұхитына шомылып, бұған дейін бастан кешпеген сезімге бөлендік. Алған әсерлерімізді жуық арада айтып тауыса алмайтын сияқтымын.

Танымайтын, білмейтін ортаға тап болғанда үркектеп, абыржып қаласың ғой. Өз басым сондай күйде болдым. Соны айтқызбай түсінген болар, бастапқыда сол жақта магистратураны бітіріп жатқан #Sanat_Shapashov балам жолбасшы болып, көлігімен әр жаққа апарып, бойымызды үйретті.

Фейсбук деген - әлеуеті мықты желі екен. Менің жазбаларымды оқып, біраздан бері Америкада жүрген өскемендік шәкіртім Elmira Aupayeva Эльмира іздеп келді. Ақтөбелік шәкіртім Гульмира Китанова сол жақта дүниеге келген немересін қырқынан шығаруға барған екен, хат жазып, қонаққа шақырып, қуантты.

Природа

Бірнеше рет өзіміз сияқты саяхаттап жүрген отандастар кезікті: Азаттық аралына апарған кемеде, Ниагара сарқырамасының жанында, Вашингтон алаңында біздің қазақша сөзімізге елең ете қалған кісілермен танысымызды көргендей қуана амандасып, жөн сұрасып, мәз болып қалдық. Тілдің құдіреті ғой, әйтпесе бет-бейнесі бізге ұқсас адамдар сапырылысып жүр.

Осы күндері көптеген қуанышты жайларды бастан кештік: балаларым Meruyert пен Макажан екеуінің отау құрғандарының 15 жылдығын атап өттік; балам #Санаттың Нью-Йорк кино академиясының магистратурасын бітіргенін тойладық… солардың ішінде ерекшесі - Сәуленің кіші ұлына қатысты болды.

Путешествие

Ибраһим - жасы 8-ден енді асқан сүйкімді, аса бауырмал бала. Таңертең ұйқысынан оянғанда көзін сығырайта ашып, еркелеп, әлтек-тәлтек басып кеп, “әә-жее” деп бауырыма тығылғанда, тұлабойым елжіреп кетеді. Өзі футболды жақсы көреді екен, жаз айы болса да жаттығу жасап, спорт лагеріне барып жүрді. Бір күні осы баламызды Испанияға “Реал Мадридтің” мектебіндегі бала футболшыларға арналған тағылымдамаға шақырған хабар келіп, бәріміз мәз болдық!

“Қазағым “Құтты қонақ келсе қой егіз туады” деп осындайда айтқан шығар” деген ой келді сол сәтте.

Иә, Ұлы жаратушым, лайым есігін ашып кірген әр үйіме жақсылығыңды үйіп-төгіп бере гөр!

24.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

Бүгін елге жеттік. Шүкір!

“Америка қандай екен?” - деп сұраушылар көп. Бір сөзбен қалай айтасың? Алғаш ойға, тіл ұшына оралғандарды тізейін.

Америка - қыдырып келгендерді тамсандырар таңғажайыптары көп ел екен. Өздеріне қалыпты, біздерге ерсі көрінетін жайлар да бар - бөтен ел, бөтен мәдениет. Бір жақсысы өзгелерге саусақ шошайту, мазақтап күлу; әлем-жәлем киінген (боянған) адамға бажырайып қарау деген жоқ.

Дорога

Қонаққа ең жақсымызды көрсеткіміз келеді ғой - Сәуле қызым да сондай жоспар құрып қойыпты: көрікті, танымдық ақпарат беретін, рухани ләззат алатын, рахаттана демалатын жерлерде көп болдық. Солай болатынын елден шығарда-ақ білгендіктен, ішімнен қалап тұрсам да , “әйелдерше қыдыру” (шопинг) дегенге көп уақыт бөле алмадық.

Байқағаным:

- мұнда бірдеңе сұрай қалсаң, адамдар күлімсіреп жауап береді екен; Абайсызда соқтығысып қалсаң “сорри, сорри” деп, жаны қалмай, елпілдейді;

- полицейлерінің, көліктердегі тексерушілердің де қабақтары ашық;

- балаларға ерекше мейіріммен қарайды; метрода, автобуста күлімсірей қарап, балаларды тегін өткізе салатындары бар (біздегі билетсіз баланы түсіріп кеткен жай еске түсті );

- музейлердің кейбіреуіне де балалар тегін кіреді;

Природа

- оқушылардың жазғы лагерьлері көп, ата-ана оны баланың икеміне, қабілетіне қарай таңдай алады;

- бізге ерсі (мысалы, маған) көрінгені аяқ-қолы түгіл денесінің барлық жерлеріне татуаж жасату - қалыпты жағдай;

- жас қыздардың мұрындарына түйенің бұйдасы сияқты шығыршық салып алуы көп кездесті;

- далада, орындықта, жолда, картон жәшікті төсек етіп (онсыз да) жатқандарды көзіміз шалды;

- бір жерде үй-ішін аластап, түтіндеткендегі иіс сияқты иісті сезіп, “әдіраспанның иісі шығып тұр” десем, балаларым күлді ;

- жұрт қарапайым киінеді (ер кісі мейрамханада қысқа шалбармен (шорты) жүргені қызық көрінді;

Путешествие

- “жаз шықса жол жөндей бастайды” деп күңкілдейміз ғой - ол тек бізге тән нәрсе емес екен;

- “Oculus” деген сауда орталығына таяу жерде бұқаның мүсіні қойылған екен. Жақындағанда екі жағынан кезек тұрғанын көрдік. Біріншідегілер - бұқаның мүйізінен ұстап суретке түскісі келетіндер; екіншідегілер - бұқаның бұтының арасына қолын тығып… суретке түскісі келетіндер. Қызық өздері…

- Алматы метро станциялары олардікінен әлдеқайда әдемі, өнер туындысы деуге болады;

- шіркін, біздің жолдар қашан солардікіндей болар екен?!

(Келесі барғанымда жолдарымыз туралы метромыз сияқты пікір жазуды нәсіп етсін!)

24.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

Жер шарының бір бетінен екінші бетіне жету оңай емес - біз әлі жолдамыз, Астанаға апаратын ұшаққа отыруымызға 2-3 сағаттай бар. Бос отыра алмаймыз ғой, уақытты тиімді пайдалану үшін барған жеріміздің кейбір атауларына байланысты келген ойымды ортаға салмақшымын.

Дорога

Бізге бірінші курста дәріс оқыған ғұлама ғалым, академик Ісмет Кеңесбаев ағайымыз араб әліпбиі, оның қазақ тіліне бейімделуі, сөздердің жазылуы мен оқылуының оңайлығы туралы көп мысал келтірген. Соның ішінде “ағылшындар “ит” деп жазып, “шошқа” деп оқиды” деген қызық теңеуіне ду күлгенбіз. Баламыз ғой.

Кейін ұстаздың сол мысалы мың рет алдымнан шықты. Әсіресе, кандидаттық диссертация қорғау үшін минимум тапсырғанда қатты қиналдым. Бірнеше әріп тізіліп бір-ақ дыбысты беретіні, жазылуы мен оқылуы басқа-басқа екендігінен талай шатастым. Бұған менің алғашқы оқыған шет тілім - неміс тілі болғандығы да әсер еткені анық.

Осы жаққа келгенде ұстаздың сол айтқандары тағы есіме түсті.

Нью-Йорк - Америкадағы ең ірі, арнасы кең, ұзындығы 500 шақырымға жетіп жығылатын суы мол өзеннің бойында орналасқан. Бір байқағаным - бізге география сабағында “Гудзон” деп оқытқан осы өзенді жергілікті жұрт “Хадсон” (Hudson) дейді екен.

Природа

Тіпті Уикипедияның өзі “Гудзо́н — река на востоке США, относящаяся к бассейну Атлантического океана” деген мәлімет береді. Өзеннің үстінен өтетін бірнеше көпір бар, ең үлкені АҚШ-тағы ең ірі - Вашингтон көпірінен бірнеше рет өттік.

Біз оқыған география кітабында “Ниагара” деп жазылған сарқыраманы бұл жақтағылар “Найагара” (Niagara) дейді. Шынымен де академик ағамыздың айтқаны келіп тұр. Автобусты немістер “Bus” деп жазып, “бус” деп оқыса, ағылшындар “Бас” дейтіні бесенеден белгілі. Осы сияқты мысалдар көп-ақ. Сіздер не қосасыздар?

Меніңше, бұл бір кездері неміс тілінің басым болғанын, оқулықтар орысшаға, сосын қазақшаға сол тілден аударылғанын көрсетеді… Солай ма?

28.08.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме

28-жазба

Дорога

Бізде атқа міну – ауыл балаларына тән деген ұғым бар. Сол ұғымды бұзатындар – қалада туып, өссе де қанымен берілген қасиет үнімен жылқыға жақын болып өсетіндер. Әдетте олар әр түрлі болады: біреулері – ипподромға барып, атпен сейілдеуді ұнататындар. Баяғының аристократтары сияқты. Енді біреулері – әке-шешесінің жылқы бизнесі болып, жануарға жақын өсетіндер. Үшіншілері – циркте атпен қойылатын трюктерді орындайтын әртістер. Денсаулығына байланысты спорт мектебіне барып, ат спортын таңдағандар – жеке бір санат қой.

Қызық болғанда шымкенттік цирк артисі Балнұр Сыдық туралы әңгімені Нью-Йоркте жүріп естідім. Шымқаладан шыққан азамат осында жұмыс істеп жүр екен. Кездейсоқ таныстық. Жоғары білімді, тәп-тәуір жерде қызмет еткен екен – біраз қор жинап алайын деп осында келіпті. Ауылы, қаласы туралы көп әңгімелейді – «сағынып жүр-ау» деп ойладым. Тамырын бассам – таяу арада қайтпайтын сыңайлы. «Елде назар аудармайтын нәрселерге алыста жүргенде мән береді екенсің, - деді ол. – Қарап отырсам, бізде білімді, өнерпаз жастар көп екен ғой! Мысалы, циркте Балнұр Сыдық ат құлағында ойнап жүргенін көргенімде соншалықты қиын нәрсе еместей көрінген. Қазір сонда түсіріп алған видеомды қарағанда қатты әсерленемін».

Енді мен Балнұр Сыдық деген бойжеткен туралы ақпарат іздей бастадым. Ата-анасы Шымкент қаласындағы ипподромда жылқы баптаумен айналысқан екен, Балнұр сол ортада өсіп, жылқыға бала кезінен жақын болған. Сол жақындық Ұлттық спорт мектебінің ат спорты секциясына алып келеді. Аттың үстінде еркін отыруды, секіруді меңгереді. Бірте-бірте ұлттық спорт түрлеріне қатысып, түрлі амалдарды үйренген соң «Шымкент-Циркке» жұмысқа орналасады. Манежге шығып, аттың үстінде жүріп түрлі трюктер жасайтын қыз туралы хабар қалаға лезде тарап кетеді.

Ал оның жалпы жұртқа, тіпті шет елдерге танымал болуы – бір белгісіз фотографтың «Қыз қуу» сайысында суретке түсіріп алуымен байланысты екен. Ашық деректер ат үстіндегі бүрмелі көйлек, үкілі бөрік киген қазақ қызының көрмеге қойылған суреті көпті қызықтырып, Франция, Қытай, АҚШ, Жапония сияқты елдердің жұртшылығын таңдай қақтырған дейді. Ол да жақсы! Ал біз үшін алыс кеткен бауырларының көз алдына қазақ қызы осылай атқа қонған ару ретінде елестейтіні маңызды.

«Суретке түсейік» дедім әңгімешіл отандасыма. Ол ат-тонын ала қашты. Сосын күмілжіп тұрып: «Әпке, менің атымды жазып қойып жүрмеңізші» деді. Уәде бердім.

07.09.2024  #менің_нұрлы_әлемім #Америка_жазбалары

Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Дорога

Америкаға барған күні сонда оқып жүрген балаларымның бірі Санат #Sanat_Sapashov сәлем бере келді. Қолындағы мынадай бір орам кәмпитті үстелге қойғаны сол еді - балалар шулап, тәттіні таласып-тармасып жей бастады. Ол аздай суретке түсіріп, елдегі туыстарға жіберіп жатты…

Мен бұларына түк мән берген жоқ едім, келесі күні студент немерем қызыма: “Тәте, осындай шоколадтан ала келіңізші” деп жазыпты. Таң қалдым, мен де жегенмін - басқа шоколадтардан түк айырмашылығы жоқ сияқты көрінген. Ендеше мұндағы балалар неге алақайлап қуанып жатыр? Елдегі балалар неге “ала келіңізші” деп қиылып отыр?

Сұрағандары сол ғой, бәріне де ұнар деп “базарлыққа” сондай кәмпиттен алдық. Үйге келген соң сәлем бере келгендердің балаларына бір-бірден беріп жібергем - олардан да “алақайлаған” жазбалар келді.

Бұл кәмпиттің сонша қалаулы болуының сыры бар екен. Сіздер оны білесіздер ме?