22.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_1
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеБалаларымның осы әдемі әдетті қашан бастағаны есімде жоқ, бірақ мен үшін ол - ең қуанышты, ең бақытты шақ. Ұлым мен қыздарым туған күндерінде мені құттықтап, жарық дүниеге әкелгенім үшін алғыс айтады. Биыл қызым Ақерке Akerke Almanova кезекті мүшел жасқа толуына орай ерекше сый жасап, Кореяға келдік.
Естеріңізде болар, ана бір жылдары телеарналардан Жумонг ханзада туралы сериал көрсетіліп, кейбіреулер фанат болып кетіп еді ғой? Сол батырдың елі. Осы мемлекеттің негізін қалаушы тарихи тұлға.
Әдетте, Кореяны “страна утренней свежости” (“таңғы балғындық елі”) деп жатады.
Жерде қалай екенін де бұйыртса тамашалармыз деп ойладым, ал ұшақ терезесінен аспанның таң бозара бастағаннан сарғыш, қызғылт, көгілдір түске еніп, нешетүрлі бояуға ауысқанын көру керемет әсер ететіні рас.
Сеул деген сөздің аудармасы «астана» екен, бұл жағынан бізге ұқсастығы бар. Жергілікті халық бізден өзгешелеу “Соуль” деп дыбыстайтыны байқалды. Деректер қаланың алты ғасырлық тарихи бар, 10 миллионнан астам адам тұрады және 2 миллионнан астам алам келіп-кетіп жатады дейді. Біздің елордамыз сияқты корей астанасының атауы да осы кезге дейін бірнеше мәрте ауыстырылыпты, қазіргі Сеул деген атауы 1948 жылы бекітілген.
“Инчхон” деген сөз де бізге таныс - олимпиада ойындары өткенде теледидарға телмірткен қала. Бұл - Кореядағы Сеул мен Пусаннан кейінгі үшінші ірі қала. Елдегі ең үлкен әуежай осы Инчхонда орналасқан. Біз де сол әуежайға келіп түсіп, ел астанасына бірер сағатта автобуспен жеттік.
Ұшақ терезесінен үңілгенде әлемнің басқа да мегаполистері сияқты жыпырлаған ғимараттар мен тарам-тарам жолдарды көрдік. Аумағы жағынан шағын ел болғандықтан (107-ші орын) мұнда бір қаладан екіншісіне жету көп уақыт алмайды. Қаладағы көне ескерткіштер мен аспанмен таласқан ғимараттардың араласа орналасқаны да сол жер көлемінің шағындығына байланысты болар…
Алғашқы барған ежелгі ғимараттар кешенінде күзет ауысымы кезіне тап болдық. Кинодан көретін қызыл, сары түсті киім киген кейіпкерлер өздеріне белгілі рәсімдерді орындағаннан кейін қаздиып тұра-тұра қалды. Іле сол жерде жүрген қызметкер жиналып тұрғандарды кезекпен әлгі сарбаздардың қасына шақырып, телефондарымызды алып суретке түсірді. Қалыптасқан тәртіп екені көрініп тұр.
Бір кісі кезексіз өткісі келіп өңмеңдеп, алға ұмтылып еді, қызметкер үнсіз ғана алдын бөгеп, “кезектен шығыңыз” дегендей саусағымен шығатын жақты көрсетті…
Кинолардан көрген ою-өрнекті шатырлары бар үйлердің ішінде байырғы заман жиһаздары тұр. Бір қызығы кешенде әр ғимараттың жанындағы шағын ақпарат корей, қытай, ағылшын тілдерінде және Брайль әліпбиімен жазылған.
Кешке қаладағы аты әйгілі, бірнеше “Мишлен жұлдызы” бар дәмханаға апарып, қызыма ауызашар бердім. Бір қызығы аты дардай болғанмен іші кәдімгі асхана сияқты, тіпті жұрт сырт киіммен отыр. Ал келушілердің кезегі ұзыннан-ұзақ.
Жыл басы - Наурыз мерекесі құтты болсын, ағайын! Ораза қабыл болсын.
23.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_2
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеБөтен елді танудың ең дұрыс жолы - ұлттық музейіне бару. Сеулге саяхатымыздың 2-ші күнін солай бастадық. Сырт көзге шағын ғана ғимарат. Биік те емес. Сөйтсек, төменде тағы 2 қабаты бар екен.
Робот-гид қарсы алды. Қызыммен сәл сөйлескен соң тілі күрмеліп, көзі жыпылықтап тұрып қалды. “Сенің сұлулығыңнан мына байғұс есінен танып қалды ғой” дедім күліп. Сөйтсек, қуаты бітіп қалған екен, басы салбырап, “ұялып” ток көзі бар жаққа жылжып кете барды…
Ішіндегі жәдігерлердің көбі 3D форматқа көшірілген. Шыны артына қойылған заттар да баршылық. Соның ішінде көне кітаптары назар аудартады. Патшалардың мөрінде тасбақа бейнеленген, уәкілеттігіне қарай берілетін үлкен-кіші, сүйек, күміс, алтыннан жасалған нұсқаларын көрдік. Суретті қысқа фильмдер біраз ақпаратты қамтыған.
Корей сарайларының ең үлкені Кёңбоккун музейге тиіп тұр. Атауы “жайнаған бақыт сарайы” деп аударылады екен. Бұл сарай XIV ғасырда Чосон дәуірінде салынған. Елді Жапония билеп-төстеген кезде өртеліп, корейлер тек XIX ғасырда қайта қалпына келтірген.
Таңғы 10-да (сосын 2-де болатынын білдік) дүңк-дүңк еткен дыбыс естіліп, жұрт аулаға қарай жөңкілді: сарай сақшыларының ауысқанын көрдік. Кіру ақысы ересектерге 3 мың уон, жасы 65-тен асқандарға тегін екен - паспортыңды көрсетсең болғаны. Және бір қызығы сарайға сол замандағы корейлердің ұлттық киімі - ханбок киіп барсаңыз, тегін кіруге болады. Сарайлардың ішіне кіруге болмайды, тек сырттай тамашалайсың.
Келесі бағыт - Олимпиада паркі. КСРО құрамасы болып осында 1988 ж. 17 қыркүйек-2 қазанда өткен XXIV жазғы Олимпия ойындарына соңғы рет қатысуымен және Дәулет Тұрлыхановтың күміс медаль алуымен есте қалған.
Олимпиада ойындарына қатысқан барлық елдердің тулары тігілген Бейбітшілік алаңы - халық көп келетін жер. Біз ерінбей-жалықпай қарап шықтық - КСРО-ның қызыл туын таба алмадық. Есесіне РФ-ның үш жолақты туы тұр - саясаттың тарихты бұрмалауының бір мысалы.
23.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_3
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Келгелі бері Сеул көшелерінде бірдеңе жетіспейтін сияқты әсерден арыла алмадым. Не екенін білесіздер ме? Балалар.
Осындай ақпаратты білген соң, кездескен әр балаға ұлттың құтқарушысы сияқты қарайды екенсің. Өздері бізге қатты ұқсайды - тәмпіш танау, сәл қысыңқы көздері күлімдеп, жатсынбай жаныңа келеді. Ал Олимпиада саябағына кіргенде “уһ!” дедік - онда балалы отбасылар бар екен. Бірақ ит жетектегендердің саны да олардан аз емес.
Айтқандай, Сеулдегі Олимпиада саябағы абаттандыру ісіне аса көрнекті сәулетшілерді тарту арқылы бай мазмұнға ие болғаны үшін әлемнің ең үздік 5 саябағының тізіміне енеді. Әрқайсысының жанында автордың аты-жөні, мемлекеті көрсетілген темір тақтайша бар. Ол ескерткіштердің де біразын көрдік, қасына барып, әр қырынан қарадық. Жерден шығып тұрған бас бармақ, “Жарық берушілер” деп аталған, әйелдердің ілулі тұрған кішкентай мүсіндері, атом тізбектеріне ұқсас темір шарлар… сияқты ескерткіштердегі айтылар ойды ұғуға болады. Бірақ, шынымды айтсам: кейбір автордың туындысымен не дегісі келгенін түсінген жоқпын. Сірә, аса ақылды жандарға арналған туындылар болуы керек.
Олимпиада саябағында шұбатылған кезекті көріп, жөн сұрасақ, аса танымал K-pop тобы мүшелерінің картонға ойылып салынған суреттерінің қасында тұрып фотоға түсуге ынтыққандар екен. Кезегі келгендер картон суреттерге тұра ұмтылып, жабысып, құшақтап жатыр… “Ой, Алла-ай” дедім іштей…
24.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_4
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Кореяға сапарымызды қызым әбден ойластырған екен: баратын жерлеріміз бір бағытта, өзара жақын орналасуын есептеп қойыпты - бұл күш-қуатты да, уақытты да үнемдейді. Әр жаққа апаратын көлік түрі де әртүрлі.
Көлік демекші, мұнда метро 23 бағытта жүреді, әр бағыттың өз түсі бар: жол бағытының сызығы, вагондардың жолағы сол түстес. Жолаушы тасымалдауы жағынан әлемде 7-ші орынға ие. Ал автобус бағдарлары тіпті көп: шамамен 200 деседі.
Келе қалсаңыздар естеріңізде болсын: автобус бағдарларын түсіне қарап ажыратуға болады. Сарысы - орталықта жүреді, Намсан тауына апарады; көк автобустар қала аудандарына апарады; жасыл түстісі қала аудандарының өз ішінде жүреді; ал қызылдары қала сыртына шығады. Бұл жақта да қолма-қол ақшаға қарағанда картамен төлеу сәл арзанырақ.
Қызым: “Мама, сізге қатты ұнайтын бір жерді көрсетем” деген. Онысы қоғамдық кітапхана екен. Жеке ғимарат емес, СОЕХ ірі сауда орталығында, экскалаторлы, алаңқайлары бар, жағалай үстелдер қойылған 3 қабатта 2800 ш.м. алып жатыр екен.
Әр қабатта түрлі салаға, тақырыпқа байланысты кітаптар жинақталған. Кітап сөрелерінің биіктігі 13 метр. Кезінде “бұрын мешіттер базарлардың жанынан салынған” дегенді оқығаным бар еді… Түрлі сауда белгілері бейнеленген пакеттерін қасына қойып, кітап ақтарып отырған келушілерді көргенде адамдарды кітап әлеміне тартудың бұл да бір амалы екен деп ойладым.
СОЕХ сауда орталығының дәл қасында кезінде “ган-гам стайл” деп бәрімізді қолды айқастырып билеткен әнге ескерткіш қойылыпты. Суретке түсуге кезек. Жас та, кәрі де көңілдене билеп барып, түсіп жатыр. Біз де сөйттік.
24.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_5
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Өз елінің ұлттық тағамын жақсы көре тұрып, өзге жұрттың тамағын секемденбей жей беретін адамдарға қызығамын. Ал мен ана бір жылдары Пекин, Шанхай, Далянь қалаларына сапарлап барғанда, тамақтарын жей алмағам. Сондықтан қызыма “бақа-шаяннан” жасалған тамақты жей алмайтынымды ашық айттым.
Бұл мен үшін мол сауап жинаған сапар болды: қызыма үйде пісіріп алған қазы, етпен сәресі беріп, ауызашарға әр елдің дәмдерін татырып жүрмін. Шыны керек, бұл жақтың тағамын онша ұнатпадым. Тіпті, неше жерден “Мишлен” жұлдызы болса да, ондағы корей кеспесінің дәмі біздің кеспеге жетпейтін сияқты.
Келесі күні итальяндық тағаммен ауыз ашып, сүйсіне тамақтандық. Үшінші күні тамақтанатын жер іздеп отырып “Star Samarkand” деген дәмхананы тауып алдық. Алыс болса да бардық.
Алды кезек. Қабырғаларында өзбек еліне тән картиналар, табақтар ілінген. Иесі ерлі-зайыптылар сияқты, кассада отырған кісі үстелдің үстін де жинап жатқанын көрдік. Әйелі де зыр жүгіріп жүр, даяшы екі жігіт сияқты, аспаздары да жігіттер екен. Ілтипатты. Тамақтары дәмді - есік алдындағы кезек те соның көрсеткіші ғой.
Ана бір жылы Сигапурге барған ұлым бір өзбек кісінің “Astana” деген дәмханасынан тамақтандық, сол жердегі бүкіл қазақстандық жастар сонда келеді екен деп еді…
Көрші ағайынға тән еті тірілік дейміз бе? Пысық дейміз бе? Не десек те, үлгі алып, үйренетін нәрсе-ау. Солай емес пе?
24.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_6
...
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеОсыдан 14 жыл бұрын Баку қаласында сәулет өнерінің бір ғажайыбын көріп едім. Сеулде сол автордың тағы бір тамаша туындысына тамсандым…
Корея астанасына келген адам соқпай кетуге болмайтын жердің бірі - «Тоңдамун Дизайн Плаза» кешені. Мен мұнда келіп, өзім үшін тағы бір ұлы әйелдің өнерін таныдым. Сәулет өнеріндегі кереметтің бірі ретінде танылған бұл жаңа футуристік стильдегі ғажайып ғимарат 2014 жылы ашылған. Оның жобасын әлемдегі ең атақты сәулетшілердің бірі, араб қызы Заха Хадид жасаған.
Ауқымды конференциялар мен көрмелер, жәрмеңкелер мен сән көрсетілімдерінің осында өткізілуі - сол іс-шаралардың биік деңгейін көрсетеді.
Біз ғимаратқа ауызашардан кейін бардық. Жұрт айтқандай, қас қарайып, ішкі-сыртқы жарықтары қосылған кезде ғимарат басқа ғаламнан келген кеме сияқты көрінеді екен. Ертегі дерсің…
Заха Мохаммад Хадид - Бағдатта туып, 12 жасынан бастап Лондонда білім алған сәулетші, деконструктивизм бағытының өкілі. Тарихта Притцкер сыйлығын алған тұңғыш әйел. Сәулетшінің еңбегі Британия империясында, Америкада, басқа да көптеген елдерде жоғары бағаланған. “The Guardian” газеті Заха Хадидті сәулет геометриясына еркіндік берген «қисық сызықтар патшайымы” деп атаған екен.
З.Хадидтің негізгі жұмыстары:
Лондондағы Олимпиада ойындарының су спорты түрлеріне арналған орталық; АҚШ-тағы Мичиган университетінің Үлкен көркемсурет музейі; Бакудегі Гейдар Әлиев орталығы; Қытайдағы (Гуанчжоу) Опера театры; Абу-Дабидегі Шейх Зайед көпірі, т.б.
Осылардың ішінде 2011 жылы Бакудегі орталықты көру қуанышын бастан кешіп едім. Биыл Жаратушы ғажайып дарын сыйлаған сәулетші Заха Хадидтің тағы бір туындысын көру бақытына ие болдым. Шүкір!
P.S. Өз суретімізге қоса Заха ханммның басқа елдердегі бірер туындысының суреттерін қоса салып отырмын.
25.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_7
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Тарихына үңілсек, корейлер мен қазақтардың әсіресе, отбасылық қатынастарда ұқсастықтары бар. Мысалы, бізге жеті атамызды білу керек болса, оларда 10-15 атаға дейін білу талап етілген екен. Үлкенді сыйлау, айтқанын орындау, қарсы келмеу - екі жаққа да тән ерекшеліктер.
Бұрын біздегі сияқты корей қыздары да білім алу, қызмет етуде көп кедергіге тап болған. Қазір қалай екенін білмедім, бағзы заманда оларда да үй шаруасы, бала тәрбиесі, салт-дәстүрді сақтау толықтай әйелдің мойнында болған. Жағдай екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өзгере бастаған - күрт дами бастаған корей экономикасы көп білімді адамды қажет еткен.
Әр елдің тұлғаға қатынасын көрсететін белгінің бірі - оның валютасындағы портреті. Корей ақшасында 4 номинал бар, соның ең жоғарғы 50 мыңдық номиналында әйел бейнеленгені назарымызды аудартты. Дереу интернетті парақтадым.
Бұл - Шин Саимдан 1504–1551 жж. өмір сүрген, елінде ұлы суретші, каллиграф, ақын, жазушы, сонымен бірге жақсы жар әрі дана ана деп танылған тұлға екен. Ол Конфуций шығармалары мен ғылыми еңбектерін жақсы білген.
Сондай-ақ, корейдің 5 мыңдық ақшасында Шин Саимданның үшінші ұлы, 1501-1570 жж өмір сүрген ғалым Ли И бейнеленген. Қызық.
Ақша демекші, мұнда ақша айырбастайтын жер іздеп әуре болмайсың. Әр қонақүйде ақша айырбастау автоматтары тұр.
Р.S. Саяхаттай қалсаңыз керек болар - видеосын салайын. (https://www.facebook.com/100008720349816/videos/pcb.3675495882751054/1025435192831637)
25.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_8
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Былтыр жазда Америкаға сапарымызды жоспарлағанда көретін жерлеріміздің тізімін шолып отырып үлкен қызым Meruyert Almanova Shaiken: “Мама, қазақша қыдыруға уақыт жоқ” деген-ді. Дүкен аралауды айтып отырғанын түсініп, бірден келістім. Ішімнен “Базарлық алатын бір жөнін табармын” деп қойғанмын.
Кореяға жол жүрерде қызым Akerke Almanova да: “Шопинг жасай алмаймыз-ау” деді маған қарап. Бас шұлғыдым бұл жолы да (іштей не ойлағаным белгілі ғой). Сол жөнді кеше таптым.
Біз тұратын жер - қайнаған өмір: театры да, базары да, саудасы да, көше тамақтары да бар. Кеше, кетерге дейінгі ақшамызды санап, қызымның аузын аштырған соң бала-немерелерге базарлық алуға шықтық.
Қанша дегенмен көше өмірі де сол елдің мәдениетінен хабар береді. Ұзыннан ұзақ кезекте тұрғандар әлдененің дәмін татқысы кеп, оның дәмді екенін біліп тұрады ғой. Біз де көрейік дедік. Ішінде чискейк, т.б. нәрселер салынған, сырты балмұздақ. Соны таяқшаға іліп, сыртынан паяльникпен күйдіреді екен. Тәтті! (видеоға түсіріп алдым).
Тағы бір жерде асшаянды (тартылған ет, чимси, тб) біздегі мәнті, самса сияқты қамырға салып бүгіп, қуырып беріп жатыр. Мұнда да кезек.
Базарының басым көбін косметика бұйымдары алып тұр. Қызымның айтуына қарағанда кейбіреуін бізде де сол бағамен алуға болады, акция өткізіліп жатқан жерлерде біздегіден 1.5 не 2 есе арзан екен. Сірә, бізде сауда жасайтындар сондай акциялардан алатын шығар.
Бір дүкенде сатушы бізге орысша сөйледі. Кәріс қызы. Қырғызстаннан келгеніне 8 жыл болыпты. Қайтқысы келмейді. Бұрын ТМД-дан саяхатшылар көп келген екен, қазір азайыпты.
Сөресінде әйнектің астында біраз елдің валютасы тұр, ішіндегі біздің 500 және 2000 теңгеміз көзімізге оттай басылды. Суретке түсіріп алдым.
“Неше тіл білсең, сонша ел есігін ашады” деймін бәріміз сөйлесіп, маған ізбе-із аударма жасап жүрген қызыма. Балаларымыз шет тілдерін білулері керек екендігіне осы сапарда тағы да көзім жетті.
25.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_9
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеБүгін корей халқының құрметіне бөленген екі тарихи тұлғаның ескерткіші мен музейіне бардық. Екеуі де Сеулдің басты даңғылында, Кеңбоккуң сарайына барар жолда тұр. Көшеде түрлі-түсті автобустар жүйіткіп жатыр.
Сарайға жақынырағы - Кореяның Чосон әулетінен шыққан төртінші, ең атақты корольге қойылған ескерткіш. Оның аты Ли До болғанмен, тарихта Ұлы Седжон деген атпен қалған.
Әкесі, билеуші Тхэчжонның үшінші ұлы екен. Дәстүр бойынша билік үлкен ұлға өту керек болса да, әкесі ақылды, зерек кіші ұлына үміт артып, тақ мұрагері етеді. Бұл - қай елде де әке балаға сыншы екендігіне нақты тарихи мысал.
Ол замандағы басты мұрат - елді сыртқы жаудан қорғау ісіне қоса, Седжон ғылымды дамытуға, дарынды жастарды қолдауға көп көңіл бөлген. Билікке келе салып, жер игеру, медицина, әскери іс салаларын дамытуға күш салады. Салық салу, мемлекеттік басқару, шекараны бекіту, қылмыстық іс жүргізу де сол кезде бастау алған.
Бір қызығы, жаңа технологияны пайдаланып, келушілердің “императорға сұрақ қою” мүмкіндігі жасалыпты. (Видеоны саламын). Тура ескерткіш тұрған жердің астында билеушіге арналған музей орналасқан. Бізге де үлгі алуға тұрарлық деп ойлаймын.
Екінші ескерткіш әр кәріс баласы пір тұтып өсетін қаһарман ұлы адмирал Ли Сун Синге қойылған. Ол жапон теңіз флотын әлденеше рет жеңіп, жүздеген отандасын құлдықтан босатқан.
Сондай-ақ әлемде тұңғыш рет брондалған тасбақа-кемелерді ойлап табуымен тарихта қалған. Ол - бір де бір рет жеңіліп көрмеген әлемдегі аз ғана теңіз адмиралдарының бірі екен.
Ескерткіштің айналасына қара мрамор тақтайшалар қойылған. Оларда адмирал Ли Сун Синнің сөздері жазылған. Ақерке бірнешеуін оқып, аударып берді:
«Еркек болып туып, елге қызмет ету бұйырған адам өле-өлгенше осы парызына адал болуы керек”; “Егер мен атақ-лауазымға, қолында билік барларға жағынуға ұмтылатын болсам, мен үшін ең сорақылық сол болар еді”…
Меніңше бұл - бүгін де өзектілігін жоймаған сөздер. Бізге де оқу орындарының, мемлекеттік органдардың, үлкен үйлердің маңдайшаларына жазып қойса артық емес сияқты…
26.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_10
...
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Намсан тауында орналасқан, Азиядағы ең биік телемұнараға (480 м) Сеулге келген саяхатшылар арнайы барады. Ел астанасының орталығы және символы болып есептеледі, әсіресе “түнде барғанда мың құбылып, жарқыраған қаланың сұлулығына таңқаласың” дегенді оқығанмын. Қызым да өте әдемі, бізге жап-жақын, “қол созым жерде” деп әбден қызықтырды.
Солайы - солай екен. Картаға қарасақ метро да, автобус та барады, жақын болғандықтан түнгі қаланы тамашалап, жаяу тартып кеттік. Әдемі екені рас. Ауасы да өзгеше. Айналасында ғимараттар, мейрамханалар, мұражай және дүкендер бар.
Бұл жерде уақыт қозғалысы баяулайтын сияқты: адамдар көбіне жұп-жұбымен, аяңдап кетіп барады. Өйткені бұл - ғашықтар мекені. Оның мынадай мәні бар көрінеді: ғашықтар сезімдеріне адал боламыз деп серттескенде мұнараның айналасындағы көпірлерге құлып салып кетеді. Бір қызығы - арақатынастары үзілгенде құлыпты алып тастауға келетіндер де бар деседі. Құлыпты сол жерде сатып алуға болады.
Биіктен қалаға қарап тұрып: “Біздің Көктөбеден де Алматы осылай көрінеді” деп қойдым…
27.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_11
...
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Маған солай көрінді ме, әлде шын солай ма, Сеул көшелерінде жүргендердің басым көбі ер адамдар ма дедім. Базарда, көше тамағын пісіріп сатып тұрғандардың да көбі - ер адамдар. Орта бойлы, жүздері күнқақты. Ал жас жігіттердің ішінде сұңғақ бойлылар жиі кездеседі.
Керісінше, әуежайдағы миграция үстелдерінен бастап дүкен сатушыларының бәрі дерлік - әйелдер. Және бәрі дерлік әдемі. Біздің көзіміз үйренген қызылордалық кәрістер емес, заманауи дорамалардың кейіпкерлері сияқты: беттері әппақ, көздері дөңгеленіп, мөлдіреп тұр. Қыздардың косметиканы дұрыс пайдалануға жастайынан үйренгені деп ойладым. Ал ұнамағаны: жігіттері жарнамаға қыздар сияқты макияж жасап, майысып, ернін тістеп, тіпті, мөлие қарап түседі екен…
Жалпы, халқы өте кішіпейіл, дауыс көтеріп, ұрсып жатқандарын естімедік. Көшеде темекі шегіп келе жатқан адам жоқтың қасы. Әдетте, ғимараттардың қасында топталып, темекі шегіп тұрады.
Басым көбі көзілдірік киеді екен. Ресми дерек бойынша халықтың 90 пайызының көру қабілеті нашарлығының бір себебін генетикамен байланыстырады. Бәлкім, электрондық құралдардың бізден әлдеқайда бұрын және жаппай таралуы да әсер еткен болар деген ой келді…
Біздегі сияқты мұнда да ересектер ағылшын тілін біле қоймайды. Жастардың ішінде ауызекі сөйлейтіндері бар. Біздің мектептердегі кейбір оқушылар сияқты аты-жөнін ғана айтып, қарапайым сұраққа жауап бере алмай, ұялып тұратындар да кездесті.
Қала тап-таза, ал көшеде қоқыс салатын жәшіктер өте аз кездеседі. Бұл - қоқыс тастамау баршаның бойына сіңген қасиет екенін көрсетсе керек. Қызық, маған бізде жәшіктер әр аялдамада, бұрыш-бұрышта тұрған соң адамдар қоқыс сала беретін шығар деген ой келді.
Базары түс ауа “қайнайды”. Екі қатар түрлі зат, тамақ сатушылар алжапқыш байлап, маска киіп тұрады. Айналасы тап-таза. Жұрт жол ортасымен де, қатарлардың сыртымен де жүреді - бәрі де жып-жинақы, тап-таза.
Және бір жақсысы - кез келген жерде тегін WIFI-ға қосылуға болады. Егер мұнда келсеңіздер біздің 2-ГИС сияқты Kakao Map желісін қолданып, керек жерге адаспай баруға болады.
27.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_12
Фейсбуктағы жазбаға сілтемеКүнде таңертең телефонға корей тілінде жазылған хабарлама келіп түседі. Алғашқы күні бас жағындағы орысша жазылған “Оповещение об общественной безопасности” деген тақырыпқа қарап үрпиіп қалдық. Төтенше жағдай ма, төңкеріс пе? Терезеден қарасақ дүрліккен ештеңе жоқ - Аллаға сыйынып, көшеге шықтық.
Бірінші күні Сеул әкімдігіне таяу жердегі көне ғимаратқа барғанбыз. Көшенің арғы жағында әжептәуір жұрт жиналып, дауыс зорайтқышпен сөйлеп, айқайлап жатты. Әсіресе әйелдердің дауыстары ащы шығады. Түсіне қоймадық, әйтеуір қытайға қатысты әңгіме сияқты. Айналасында полицейлер жүр. Жайбарақат. Біз тіпті біреуінен жол сұрап алдық.
Келесі күнгі митингтің біреуін жануарлар әлемін қорғаушылар ұйымдастырған сияқты. Сиырдың, балықтың суреті бар плакаттар ұстап тұрғанына қарап, солай ойладым. Әлде олардың етін жемеуге шақырып тұрды ма екен?
Хабарлама күнде түседі - біз елең-құлаң қылмайтын болдық: адамдар үлкен мәдени кешендердің, ескерткіштердің қасында жиналып, шулап жатады. Өз жолымызбен жүре береміз. Біраздан кейін плакаттарын орап, алаңды жинап жатады. Олармен бірге алыстан қарап жүрген полицейлер де тарайды. Ешкімді қуалап, машинаға сүйреп жатқандарын көрмедік. Сірә, митинг өткізу мәдениеті қалыптасқан болар…
Митингілерде тамақтары жыртылғанша айқайлап жатқанымен, жалпы жергілікті халық өте кішіпейіл, елгезек. Бірдеңе сұрай қалсаң елпілдеп түсіндіріп, тіпті тұрған жерінен сыртқа шығып, қолын сермелеп көрсетеді.
Көшедегі көлік қозғалысы да тоқтатылмайды екен. Көлік демекші, жеңіл машинаның көбі жап-жаңа, негізінен Hundai немесе Kia маркалы, біздің елде желіп жүрген Тoyota жоқ. Tesla, Mercedes бар, басқа да қымбат көліктер кездесті.
Бір жақсысы - тар көшеде артыңнан машина келе жатқанын білмей де қаласың, өйткені жүргізушілер біздегідей шошытып, бепілдетпейді екен.
“Жүкті әйел көрінбейді ғой” деймін қызыма біздің жастағы аналардың жас әйелдердің бала туғанын жақсы көріп тұратын әдетімен. Қызымның ойында қалып қойған болуы керек, бірнеше күн өткенде: “Мама, алдымызда сіз іздеп жүрген кісі келе жатыр”,- деді көзімен нұсқап.
Іші томпиып қалған жас әйел сондай сүйкімді көрінді…
27.03.2025 #менің_нұрлы_әлемім #Сеул_саяхаты_13
Фейсбуктағы жазбаға сілтеме
Әуежайдамыз. Алла жазса, 7 сағат ұшып, Алматыға жетеміз.
Сеулден Инчхон әуежайына дейін трансфер 85 мың вон екен. Қызым қонақүйге жақын жерден лимузин автобус жүретінін, ақысы екеумізге 34 мың екенін біліп алыпты. (Тіл білген деген осы!)
Айтқандай, бір кісілер корей вонының теңгеге шаққандағы бағамын сұрап еді. 1 доллар 1430 вон. Яғни, біздің ақша құндырақ. Тамақ бізге қарағанда қымбатырақ. Мен пысықсынып, қазы мен ет пісіріп, мұздатып, жүкпен өткізіп жібергенмін. Соным дұрыс болыпты.
Әуежайға бар болғаны 1 сағат 20 минутта жетіп келдік. Жолда әдемі көріністер көз қуантты: небір ғимараттар көк тіреп тұр; суы көкпеңбек өзен үстінде жаяу жүргіншілерге, көліктерге арналған көпірлер салынған.
Біз үстінен өткен Кореяның ірі өзені Хан деп аталады (корейше Ханган). Сеул арқылы өтетін өзен арнасы ұлғайып, соның арқасында Инчхон Пусаннан кейінгі ірі порт ретінде танылған. Көпірмен өтіп бара жатқандағы ғажап көріністен алған сезімді айтып жеткізу қиын.
Сол әдемі суреттер әуежай ішінің жайлылығымен, жолаушыларға жасалған қамқорлықпен толыға түсті. Тып-тыныш демалыс орындары, тамақтың сан түрін ұсынатын футкорттар, базарлық алатын дүңгіршіктер, корей елінің мәдени құндылықтарына арналған бұрыштар тіпті көп-ақ.
Ерсілі-қарсылы ағылған жұрт атшаптырым Duty free дүкендерінде жүр. Түрлі тілде сөйлесіп, сауданы қыздырып жүргендер енді бірер сағатта өз елдеріне аттанады. Жолдары болғай!
Біз сияқты тілі де, ділі де бөтен елге тап болғандар өздері бастан кешкен небір қызықты, түсініксіз, күлкілі жайларды талай рет езу тарта еске алады деп ойлаймын.
Мысалы, мен де бір жайды езу тарта еске аларым анық. Сауда қатарын аралап келе жатып титтей, шамамен 1-2 айлық сәбиге арналған сәнді киімдерді көріп қатты сүйсіндім. (Кішкентай нәрсенің бәрі сүйкімді болады ғой). Дереу телефоныма суретке түсіріп жатсам, қызымның: “Мама, ол иттерге арналған киім ғой” демесі бар ма? Сонда ғана жоғарғы жағында ілулі тұрған иттің суретін көрдім… Өзіме өзімнің күлгенімді-ай!
Осындай әдемі көңіл-күймен Сеулге саяхатымыздан өздеріңізді хабардар етіп отырған ерікті “жұмысымды” тәмамдаймын, ардақты достар! Сіздерге де осындай жақсы сапарлар жұғысты болсын!